Инвесторлар биыл аталған нысандардың 50-ін пайдалануға беруді көздеп отыр.
Фото: freepik
ERNUR.KZ. Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 250 көпфункционалды сервистік нысан салу жоспарланып отыр, деп жазады inform.kz.
– Халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың бойында көпфункционалды нысандар салу жоспарланған. Бұл жобаға шамамен 180 млрд теңге инвестиция тартылады. Қазақстандағы барлық көлік дәліздері бойынша инфрақұрылым салынады. Қазір салынатын 250 учаске белгіленді. Бүгінде «ҚазАвтоЖол» компаниясымен бірлесіп, инвесторлар жұмысты жалғастырып жатыр, – деді Абдуллах Әбішев.
– Қазіргі уақытта елімізде 1428 сервистік нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 1329-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Егер халықаралық стандартқа сай тағы 250 нысан қосылса, бұл көрсеткіш едәуір жақсарады, – деді сарапшы.
Спикердің мәліметінше, жаңа нысандарда электрлі көліктерді қуаттау стансалары орнатылады.
– Қазір жасыл энергияға сұраныс артып, электрлі көліктер саны көбейіп келеді. Алайда оларды қуаттайтын инфрақұрылым әлі де жеткіліксіз. Осы мәселені шешу үшін көпфункционалды нысандар құрамында электрлі көліктерді қуаттау бекеттері ашылады. Сонымен қатар күн энергиясын пайдаланатын панельдер орнатылады, – деді ол.
Сондай-ақ жоба аясында 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
– Жаңа нысандардың құрылысы мен пайдалануға берілуі нәтижесінде шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады. Бұл ретте инженерлік сала мамандарына сұраныс жоғары болады, – деді Абдуллах Әбішев.


