Елімізде тағы 3 банк мобильді төлемдер жүйесіне қосылды

0
322

Жүйедегі екінші деңгейлі банктердің жалпы саны 12-ге жетті.


Елімізде тағы 3 банк мобильді төлемдер жүйесіне қосылды

Фото: seekingalpha.com

ERNUR.KZ. Банкаралық жедел төлем жүйесіне жаңа қатысушылар қосылды. Тиісті ақпаратты Қазақстанның ұлттық төлем корпорациясы таратты, деп жазады inbusiness.kz.

Енді 12 банк клиенттері телефон нөмірі арқылы жүйеге қатысушы басқа банктерге ақша аудара алады. Жүйеге KMF Bank, Евразиялық банк және Bereke Bank қосылды. Бұған дейін Freedom, RBK, Halyk, Altyn, БЦК, Home Credit, Forte және Alatau City банктері банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылған болатын.

Аударым жылдам жүзеге асады, себебі бұл шот реквизиттерін енгізуді қажет етпейді. Бар болғаны телефон нөмірін таңдап, мобильді қосымшада операцияны растау керек.

Банкаралық жедел төлем жүйесін ұлттық төлем корпорациясы әзірлеген және ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының негізгі компоненттерінің бірі болып табылады. Ол ел ішінде ыңғайлы, жылдам және қауіпсіз бөлшек сауда аударымдарын дамытуға бағытталған. Бұл телефон нөмірі және QR арқылы нақты уақыт режимінде банкаралық клиенттік аударымдар мен төлемдерді жүргізуге мүмкіндік береді.

"Қазір кейбір банктер тестілеу және техникалық интеграция кезеңінен өтіп жатыр. Жаңа қатысушыларды қосу жүйенің қамтылуын кеңейтеді және телефон нөмірі бойынша аударымдарды бүкіл ел бойынша клиенттердің одан да көп санына қолжетімді етеді", – деп хабарлады Қазақстанның ұлттық төлем корпорациясы.

Банкаралық жедел төлем жүйесі банктер арасында телефон нөмірі бойынша аударымдарды жүзеге асыруға, банкаралық бөлшек төлемдердің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға және операцияларды өңдеу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.