Елдегі 8 аурухана көпбейінді орталық аудандық ауруханаға айналды, тағы 12 аурухананы өзгерту жоспарланған

0
105

2023 жылдан бері барлығы жоба аясында 54,5 млрд теңге қаржы жұмсалды.


Елдегі 8 аурухана көпбейінді орталық аудандық ауруханаға айналды, тағы 12 аурухананы өзгерту жоспарланған

ERNUR.KZ. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының екінші міндеті аясында 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қолданыстағы 12 көпбейінді орталық аудандық аурухана жетіспейтін медициналық жабдықтармен (КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық сыныптағы ультра дыбыстық зерттеу аппараты, реанимация, операция бөлімшелеріне арналған жабдықтар және т.б.) жарақтандырылып, көрсетілетін медициналық қызметтердің спектрін кеңейту үшін жағдай жасалатын болады. Бұл жайлы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов ОКҚ алаңында хабарлады.

Қолданыстағы 20 орталық аудандық аурухана Көпбейінді орталық аудандық аурухана болып қайта құрылады және тиісті бөлімшелер ашу үшін ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу, реконструкциялау, жапсарлас құрылыстарды салу, медициналық жабдықтармен жарақтандыру арқылы жаңғыртылатын болады.

«Көпбейінді орталық аудандық ауруханаларда негізінен инсульт және кардиология орталықтары, медициналық оңалту бөлімшесі, травматология және ортопедия бөлімшесі, хирургия бөлімшесі, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері ашылады. Көпбейінді орталық аудандық ауруханалар бірнеше елді мекеннің, оның ішінде көрші аудандардың аумағында орналасқан елді мекендердің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ұлттық жобаны жүзеге асыру басталғаннан бері 8 аурухана көпбейінді орталық аудандық ауруханаға айналды», – деді спикер.

Айта кетрлігі, 2023 жылдан бері барлығы жоба аясында 54,5 млрд теңге қаржы жұмсалды.

Ұлттық жобаны жүзеге асыру кезеңінде ауылдық денсаулық сақтау нысандарына 1009 медициналық қызметкер (459 дәрігер, 550 орта медицина қызметкері) жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарына 55 жалпы практика дәрігері және 168 орта медицина қызметкері, көпбейінді орталық аудандық ауруханаларға 404 бейінді дәрігер және 382 орта медицина қызметкері жолданды.