Бұл университет еліміздегі 18-ші ұлттық жоғары оқу орны.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі берілді. Бұл шешім оқу орнына академиялық және ғылыми дербестігін кеңейтуге, үздік ғалымдар мен қосымша ресурстар тартуға, халықаралық білім кеңістігіндегі беделін нығайтуға жол ашады. Сондай-ақ жаңа мәртебе аясында инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыруға, заманауи ғылыми зерттеулер жүргізуге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға кең мүмкіндіктер береді, деп хабарлайды Қарағанды облысының әкімдігі.
Енді оқу орны академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті деп аталады. Бұл университет еліміздегі 18-ші ұлттық жоғары оқу орны.
Жаңа мәртебенің берілуі – оқу орнының отандық ғылым мен білім саласын өркендетудегі айрықша үлесінің кезекті мойындалуы.
Университет тарихы 1938 жылдан бастау алады. Сол жылы білім ордасы педагогикалық институт ретінде ашылып, 1972 жылы университет мәртебесін иеленді. Ол кезеңде Қазақстанда небәрі екі ғана университет – ҚазМУ мен ҚарМУ бар еді, ал өзге жоғары оқу орындары институттар болатын.
Өткен жылы бұл оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілген.