Дубайдан келген: Алматыда жолаушы чемоданынан өзіне тиесілі емес 6 айфон мен темекі қораптарын тауып алған

0
125

​Жолаушы әуежайда тұрып чемоданын ашқанда, ішінен өзіне тиесілі емес заттарды көрген.


Дубайдан келген: Алматыда жолаушы чемоданынан өзіне тиесілі емес 6 айфон мен темекі қораптарын тауып алған

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

ERNUR.KZ. 19 қазан күні Дубайдан Алматыға ұшып келген қазақстандықтың чемоданынан өзіне тиесілі емес бір қорап темекі мен iPhone смартфонының 6 қорабы табылған. Бұл туралы саяхатшы әрі тур гиді Ғабит Қаматай айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ғабит Қаматайдың айтуынша, оқиға оның туристерінің бірінің басынан өткен. Алматыға таңертең Fly Dubai әуекомпаниясының ұшағымен жеткен. Жолаушы әуежайда тұрып чемоданын ашқанда, ішінен өзіне тиесілі емес заттарды көрген. Саяхатшы бөтен заттарды олардың чемоданға салмағанын айтып, бірден әуежай қызметкері мен полиция шақырған. Оқиға тіркеліп, тиісті шаралар қабылданып жатқан көрінеді.

«Ол кісі бізбен бірге саяхаттаған жолаушы болатын. Қасындағы саяхатшының чемоданына заттары сыймай қалғандықтан, біраз затын уақытша өз чемоданына салып алған екен. Алматыға келген соң сол заттарды иесіне қайтарып беру үшін чемоданды ашқан кезде бөтен iPhone қораптарын байқап қалған. Менің ойымша, бір чемоданды тонаған, ішіндегі смартфондарды алып, қораптарын көзіне бірінші түскен чемоданға сала салған сияқты», - дейді Ғабит Қаматай.

Айтуынша, қораптарда тек қуаттағыштар жатқан.

Осы жағдайдан кейін саяхатшы жолаушыларға чемодандарын арнайы пленкамен қаптап, мүмкіндігінше құлыптап қоюға кеңес берді. Оның сөзінше, жүк тіркеуге тапсырылғаннан кейін жолаушы оның ішіне не салынғанын бақылай алмайды. Сондықтан чемоданнан бөтен зат табылған жағдайда, оның қалай пайда болғанын дәлелдеу қиынға соғуы мүмкін.

Алматы әуежайының жоғалған заттарды іздеу бөлімінің маманы мұндай жағдай бұрын да болғанын айтты. Оның сөзінше, әсіресе шетелден ұшып келетін жолаушылар арасында мұндай жағдай бірнеше рет тіркелген. Ал отандық әуе компанияларына қатысты осындай жағдайлар болмағанын жеткізді. Жолаушылар кейде жүгінен заттары жоғалғанын айтып шағымданса, енді біреулері чемоданынан өздеріне тиесілі емес заттарды тауып алады.