Депутат бюджет қаражатына бірнеше пәтер мен көлік сатып алған

0
108

Бұл ақшаға қымбат пәтерлер мен автокөліктер, асыл тұқымды жылқылар сатып алынған.


Депутат бюджет қаражатына бірнеше пәтер мен көлік сатып алған

фото: Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 7 ауданында 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген 2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырылған, деп жазады sputnik.kz.
Агенттіктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті "QazConstructions" ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
"Күдіктілердің қатарында – "QazConstructions" ЖШС-нің бұрынғы директорының орынбасары, Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар", - деп жазылған хабарламада.
Аталған жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттырып, азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған болатын.
Алайда қылмыстық әрекеттер салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген.
"Жымқырылған қаржының жалпы көлемі 2 млрд теңгеден асады. Олар байланысы бар компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған", - дейді агенттік мамандары.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, "Lamborghini Urus", "Cadillac Escalade", "Mercedes" автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
Екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.