«Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» заңының 3-бабына сәйкес ведомство жыл сайын Мемлекет басшысының атына еліміздегі судья кадрларының жай-күйі туралы Ұлттық баяндама ұсынады.
ERNUR.KZ. Құжат еліміздің сот жүйесіндегі кадр саясатының кешенді трансформациясы нәтижесінде қол жеткізілген маңызды өзгерістерді көрсетеді. Өткен жылдың негізгі бағыты – судьялардың тәуелсіздігін одан әрі күшейту және кадрлық құрамды сапалы жаңарту болды. Бұл туралы ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Негізгі институционалдық өзгерістердің бірі кассациялық соттарды құрумен байланысты. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Астана қаласында үш дербес өңіраралық кассациялық сот өз жұмысын бастады.
Оның айтуынша, сот жүйесінің жаңа архитектурасын қалыптастыру үдерісі аяқталды. Бұл, өз кезегінде, тәжірибелі мамандарды іріктеу мен бағалаудың заманауи тетіктерін енгізуді талап етті.
«Жоғары Сот Кеңесінің рөлі де айтарлықтай күшейді. Бүгінде ол судья кадрларын басқарудың бірыңғай орталығына айналды. Кеңес судьяларды даярлау, іріктеу, олардың біліктілігін арттыру және тәртіптік бақылау функцияларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Егер бұрын негізгі міндет кадр тапшылығының өсуін тежеу болса, жыл қорытындысы бойынша бұл үрдісті тоқтатып қана қоймай, ваканттық лауазымдарды жүйелі түрде қысқарту кезеңіне көшуге қол жеткізілді», – деді спикер.
Былтыр 151 жаңа судья тағайындалды. Нәтижесінде кадрларды толықтыру деңгейі 2024 жылғы 97,5%-бен салыстырғанда 131,3%-ға дейін артты. Бұл – сот жүйесінде алғаш рет кадрлық шығынның орнын толықтырып қана қоймай, таза өсімге қол жеткізілгенін көрсететін маңызды нәтиже. Аталған оң динамика судьялардың заңнамада көзделген негіздер бойынша табиғи түрде қызметтен кетуіне қарамастан қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Кеңес соңғы бес жыл бойы үміткерлердің болмауына байланысты толықтырылмай келген 64 ваканттық лауазымды алғаш рет толықтырды.
2025 жылғы бұл оң нәтижелер 2026 жылы да өз жалғасын тапты. Мемлекет басшысының 2026 жылғы 2 наурызындағы Жарлығымен 128 аудандық сот судьясы тағайындалды. Соның нәтижесінде бос лауазымдар саны 230-ға дейін қысқарды. Бұдан бөлек, Жоғары Сот Кеңесі Мемлекет басшысына ұсынған 41 кандидат қазіргі уақытта арнайы тексерулерден өтіп, соттарда тағылымдамадан өтуде. Оларды тағайындау нәтижесінде бос лауазымдар саны 189-ға дейін азаяды деп күтілуде.


