Биыл мал шаруашылығын қолдауға 300 млрд теңге бөлінеді

0
350

2026–2030 жылдарға арналған саланы дамыту жоспары қабылданды.


Биыл мал шаруашылығын қолдауға 300 млрд теңге бөлінеді

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Астанада мал шаруашылығы және ветеринария саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған іс-шара ұйымдастырылды, деп жазады inbusiness.kz.

Оған Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, сала мамандары мен өңірлерден келген ардагерлер қатысты.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ыстық лебізін жеткізді.

Іс- шарада мал шаруашылығының ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіндегі маңызы атап өтіліп, салаға арналған кешенді жоспарлар қабылданып, мемлекеттік қолдау күшейтілгені айтылды.

Биыл бұл салаға 300 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие бөлінді. Сонымен қатар өндіріс көлемін арттыру, экспорттық әлеуетті дамыту және жаңа технологияларды енгізу бағытында жұмыстар жалғасады.

"Үкімет алдағы уақытта да заманауи технологияларды енгізуге, экспорттық әлеуетті дамытуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқатын арттыруға қажетті жағдай жасауды жалғастырады", – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
– Биыл біз екі саланың мамандарын бірге құттықтап отырмыз. Мұның өзіндік мәні бар. Себебі қазіргі заманғы мал шаруашылығы мен тиімді ветеринариялық қызмет – бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Сіздер бірлесе отырып Қазақстан экономикасының маңызды саласының тұрақты дамуына үлес қосып келесіздер.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 3,8 трлн теңгеге жетіп, 3,3%-ға өсті – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мал шаруашылығы мен ветеринарияның өзара байланысын атап өтіп, 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспардың әзірленгенін жеткізді. Бұл құжат саланы жаңғыртуға, өндірісті ұлғайтуға және мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыруға бағытталған.

"Заманауи мал шаруашылығын тиімді ветеринариялық жүйесіз дамыту мүмкін емес. Биыл 2026–2030 жылдарға арналған Ветеринарияны дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Ұзақ жылдардан бері алғаш рет ветеринариялық қызметтің инфрақұрылымын жақсартуға қаржы бөлініп, сала мамандарының еңбекақысын көбейтуге жол ашылды", – деді министр.

Сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға және жайылым инфрақұрылымын жақсартуға арналған жаңа жеңілдетілген несиелік бағдарламалар іске қосылғаны айтылды. Ветеринария саласында да инфрақұрылымды жаңғыртуға және мамандардың жалақысын арттыруға қаржы бөлінбек. Саланың кадрлық әлеуетін дамытуға және мамандардың жалақысын арттыруға 22 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Кешенді жоспар аясында ветеринариялық инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғыртуға, зертханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге, мамандандырылған автокөлік паркін жаңартуға әрі материалдық-техникалық базаны нығайтуға 66 млрд теңге қарастырылған.

Жиында Серік Жұманғарин мал шаруашылығы мен ветеринария саласының үздік мамандарына "Құрмет" орденін және Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Алғыс хаттарын табыс етті.

Одан әрі Айдарбек Сапаров ведомстволық наградалар – медальдар, төсбелгілер және Құрмет грамоталарын тапсырды.