Ол ұлымен бірге 12 шақырымдық күрделі тау жолын жүріп өтті.
фото: Пресс-служба акима Карагандинской области
ERNUR.KZ. Астана тұрғыны Меруерт Халелова Қарқаралыда ұйымдастырылған республикалық Qarqaraly Buguly Trail трейл-марафонында бір жасар ұлымен бірге 12 шақырымдық күрделі тау бағытын бағындырды, деп жазады sputnik.kz.
Жарыс маршруты әрқилы - тасты, кедір-бұдыр соқпақты, әрі биік.
Меруерт бұл қашықтықты арқалаған сәбиімен жүріп өтіп, жоғары физикалық дайындық пен жан-жақты жауапкершілігін көрсеткен. Ол сәбиін жарыс бойы арнайы туристік рюкзакта арқалап өткен.
"Баламен жарысқа қатысу – дененің мықты дайындығынан бөлек, ерік-жігерді, жауапкершілік пен зейінді талап ететін ерекше сынақ. Бұл оқиға Guinness World Records, ITRA және Қазақстанның спорт ұйымдарына бейресми рекорд ретінде ұсынылуы мүмкін", - делінген хабарламада.
"Мен ана болуды шектеу емес, күш пен шабыттың көзі ретінде көрсеткім келді. Біз бұл жолды ұлыммен бірге еңсердік. Әлижан бір жаста. Ол кейде ұйықтап, кейде кішкентай саусақтарымен маған жармасып отырды. Бұл біз үшін жай ғана спорттық қашықтық емес — бұл махаббат пен мейірім, аналық пен баланың арасындағы тығыз байланыс туралы оқиға болды", — деп жазды Меруерт өзінің әлеуметтік парақшасында.