Бақытгүл Хаменованың жазасы ауыстырылды: экс-шенеунік бостандықта қалады

0
92

10 наурызда Хаменованың баласының болуына байланысты жазасын өтеуді үш жылға шегеру мерзімі аяқталды.


Бақытгүл Хаменованың жазасы ауыстырылды: экс-шенеунік бостандықта қалады

Бақытгүл Хаменова. Фото:atpress.kz

ERNUR.KZ. Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова бостандықта қалады. Мұндай шешімді Атыраудың №2 соты қабылдады, деп жазады tengrinews.kz.

10 наурызда Хаменованың баласының болуына байланысты жазасын өтеуді үш жылға шегеру мерзімі аяқталды. 16 наурызда Атырау қалалық №2 соты пробация қызметінің жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы ұсынысын қарады.

Сот жазаны шегеру кезеңінде Хаменованың қоғамдық тәртіпті бұзбағанын, әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын және бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындағанын хабарлады.

Осы жағдайларды ескере отырып, сот ұсынысты қанағаттандырды. Жазаның өтелмеген бөлігі дәл сол мерзімге пробациялық бақылау орната отырып, 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.

Мән-жайы

2022 жылғы 15 қарашада Атырау соты облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты үкім шығарған болатын.

Бұрынғы шенеунік пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім жарияланғаннан кейін сот оның баласының болуына байланысты жазасын өтеуді шегеру туралы норманы қолданды. Хаменова сот залынан босатылды.

2023 жылғы ақпанда сот үкімді өзгеріссіз қалдырды, сотталушының шағымын қанағаттандырудан бас тартты.

Былтыр күзде желіде Хаменованың тойда жүрген видеосы пайда болды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұған жауап ретінде сот бұрынғы шенеунікке мәдени-бұқаралық немесе өзге де қоғамдық іс-шараларға баруға қатысты шектеулер қоймағанын мәлімдеді. Ал Бас прокуратура Хаменованың тойға бару үшін пробация қызметінен рұқсат алғанын хабарлады.