Ер адам ауыр жарақат алмаған.
Фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Астананың сол жағалауында жол жөндеп жатқан кезде көлік қаққан жұмысшылардың бірі үйінде емделетін болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бүгін түнде елорданың сол жағалауында «Сарайшық» көпірінде жол жөндеп жатқан екі жұмысшыны автокөлік қағып кеткен еді. Салдарынан бір жұмысшы оқиға орнында қаза тауып, екіншісі ауруханаға жеткізілген.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, ауруханаға түскен ер адам ауыр жарақат алмаған, қазір үйіне, амбулаториялық емге жіберілген.
«Сарайшық көшесінде болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен ер адам жедел жәрдем қызметімен №2 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді. Қабылдау бөлімінде оны бейінді мамандар қарап шықты. Ауыр жарақат белгілері анықталмағандықтан, пациент амбулаториялық ем қабылдау үшін тұрғылықты жері бойынша жіберілді. Жалпы жағдайы – тұрақты», - делінген хабарламада.