Оқыс оқиға Алматы-2 станциясында болды.
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Алматы-2 теміржол станциясында оқыс оқиға тіркелді. Станция кезекшісінің мәліметінше, 15 жастағы жасөспірім пойыз вагонының төбесіне шығамын деп тоққа түсті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жасөспірімді жоғары кернеулі электр тогы соққан, салдарынан ол күйік жарақатын алған. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы дереу жетіп, зардап шеккен балаға медициналық көмек көрсетті. Қазір оның өміріне қауіп жоқ.
«Теміржол – жоғары қауіпті аймақ. Жолға рұқсатсыз кіру немесе жылжымалы құрам маңындағы кез келген әрекет өмір мен денсаулыққа аса ауыр зардаптар әкелуі мүмкін», – деп ескертті «Қазақстан темір жолы» компаниясының өкілдері.
Қазіргі таңда бұл факті бойынша қызметтік тергеу амалдары басталды. Жасөспірімнің пойыз төбесіне қалай көтерілгені және қауіпсіздік талаптарының сақталу-сақталмауы анықталуда.