Алматы облысында партаның үстіне секірген оқушы сот алдында жауап берді

0
77

Сотта 23 қаңтарда физика сабағында оқушы партаның үстінен секіріп өтіп, дәретханаға шығып кеткені айтылды.


Алматы облысында партаның үстіне секірген оқушы сот алдында жауап берді

Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Алматы облысының Талғар аудандық соты мектеп оқушысына қатысты істі қарады. Мұғалімнің арызынан кейін 11-сынып оқушысына "ұсақ бұзақылық" бойынша хаттама толтырылған, деп жазады tengrinews.kz.

Сотта 23 қаңтарда физика сабағында оқушы партаның үстінен секіріп өтіп, дәретханаға шығып кеткені айтылды. Кейін сыныпқа қайта оралғанда мұғалімнен кешірім сұрап, партаны сүртіп қойған.

Сондай-ақ, сот оқушының партаның үстінен секіруге мәжбүр болғанын анықтады. Себебі жанында отырған сыныптасы оны өткізбей қойған, ал оқушы тар жерде отырған.

"Бұл жағдай оқиға орнындағы бейнежазбамен және мұғалімнің түсініктемесімен расталады. Мұғалім оқушыны дәретханаға жібермегенін, оқушы партаның үстінен секіріп шығып кеткенін, кейін қайта оралғанын айтты. Сонымен қатар, бала бейәдеп сөздер қолданбаған", – деп хабарлады сот.

Бұдан бөлек, хаттама толтыру кезінде полиция қызметкері кәмелетке толмаған оқушыға қорғаушыны тартпағаны белгілі болды.

Нәтижесінде сот әкімшілік құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан, оқушыға қатысты істі тоқтатты. Жіберілген заңбұзушылықтарға байланысты Алматы облысы полиция департаментінің басшылығына және Талғар аудандық полиция басқармасына қатысты жеке қаулы шығарылды.