Жоба 2025 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асып, 2030 жылы толық қуатына шығуы жоспарланып отыр.
фото: Пресс-служба акима Северо-Казахстанской области
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы Алға ауданы Қарақұдық орта мектебінің 9-сынып оқушысы Қуаныш Құснатдин қоқысты тиімді өңдеп, одан құрылыс материалдарын өндіретін зауыттың бизнес-жоспарын әзірледі, деп жазады sputnik.kz.
Қуаныш "Ақтөбе қаласының тұрмыстық қалдықтарын қайта өңдеу" тақырыбында қоқысты тиімді өңдеп, одан құрылыс материалдарын өндіретін зауыттың бизнес-жоспарын әзірледі.
Талантты оқушы ұсынған "Болашақ" ЖШС зауытының жобасы экологиялық ахуалды жақсартуға, қоқыс көлемін азайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын дамытуға бағытталған тың бастама.
"Жас зерттеуші зауыттың макетін жасап, нақты технологиялық шешімдер мен іске асыру тетіктерін ұсынды. Жоба 2025 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асып, 2030 жылы толық қуатына шығуы жоспарланып отыр", - дейді білім басқармасындағылар.
Биылғы 2024–2025 оқу жылында өткен "ProEco" республикалық экологиялық жобалар конкурсында Қуаныштың еңбегі жоғары бағаланып, ол жүлделі ІІ орынды иеленді.
"Қоршаған ортаны қорғау – әр адамның борышы. Егер біз бүгін табиғатқа қамқорлық танытсақ, ертең таза әрі қауіпсіз елде өмір сүреміз. Менің арманым – елімнің экологиясына өз үлесімді қосу және болашақта осындай зауыттардың шын мәнінде іске қосылуын көру", – дейді жас зерттеуші Қуаныш Құснатдин.
Оқушыға осы жұмыс барысында аталған орта мектептің химия және биология пәндерінің мұғалімі Камшат Лұқпанова жетекшілік еткен.