​Ақтөбе локомотив жөндеу депосында жарылыс болып, 2 адам қаза тапты

0
134

Екі жұмысшы ауруханада көз жұмды.


​Ақтөбе локомотив жөндеу депосында жарылыс болып, 2 адам қаза тапты

Фото: 2Gis

ERNUR.KZ. Ақтөбе локомотив жөндеу депосында жарылыс болды. Салдарынан 2 адам көз жұмды, деп жазады stan.kz.
26 маусым сағат 17:20 шамасында локомотивке техникалық қызмет көрсету кезінде дөңгелек фрезер аймағында жарылыс болған.
Қызметкерлердің бірі тепловоздың газ цистернасын дәнекерлеумен айналысқан, болжам бойынша жарылысқа осы себеп болуы мүмкін.
Жарылыс салдарынан екі қызметкер зардап шекті. Екеуі де қатты термиялық күйік алған. Куәгерлердің айтуынша, жәбірленушілер ес-түссіз жатқан, денелерінің бетін түгел дерлік күйік шалған.
20 минуттан соң жеткен жедел жәрдем зардап шеккендерді қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізді. Дәрігерлер дене бетінің 100% күйік, тыныс алу жолдарының зақымдалуын анықтады.
Екі жұмысшы ауруханада көз жұмды. Артында бес баласы қалды. Екінші марқұм 25 жаста.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Локомотив "Қамқор Локомотив"-ге қарайды. Компания орын алған қайғылы оқиғаға байланысты қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді.
“Мәйіттерді тасымалдауға дайындау үшін қажетті материалдар қамтамасыз етілді, мәйіттерді жеткізу және туыстарына жету үшін көлік ұйымдастырылды. Ритуалдық және еске алу шараларын өткізуге қолдау көрсетілді. Қаза болған азаматтардың атында берешек бар-жоғын анықтау мақсатында екінші деңгейлі банктерге тиісті сұраныстар жолданды. Филиал мен компания басшылығы ұжымдық шарт аясында қаза тапқандардың отбасына материалдық көмек көрсету мүмкіндігін қарастырып жатыр”, – деп мәлімдеді компания.
Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы департаменті аталған факт бойынша мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен арнайы тергеп-тексеру комиссиясы құрылғанын хабарлады. Комиссия жұмысының нәтижелері кейін хабарланады.