Ақшаны қайтармасаңыздар, сотқа береміз: Ұлдана Мырзуанның анасы құдағиымен не үшін дауласқанын айтты

0
95

Марқұм фельдшердің күйеуіне Астана әкімдігі мен мәслихат депутатынан 20 млн теңге қаржылай көмек берілген.


Ақшаны қайтармасаңыздар, сотқа береміз: Ұлдана Мырзуанның анасы құдағиымен не үшін дауласқанын айтты

Фото: Видеодан алынған скрин

ERNUR.KZ. Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Омарова сотта қызының қазасына байланысты қандай да бір материалдық көмек көрсетілгені туралы прокурорлар сұрағына жауап берді, деп жазады inform.kz.

Бұған дейін марқұм фельдшердің күйеуіне Астана әкімдігі мен мәслихат депутатынан 20 млн теңге қаржылай көмек берілгенін жазған едік. С. Омарова осы қаражаттың 4,5 млн теңгесін Әділет Зейнелден қарызға сұрап алғанын айтты.
– Ауылда әр апта сайын бейсенбілік өткіземіз. Соған қаражат керек болғандықтан, үлкен қызым Әділеттен 4,5 миллион теңгені қарызға сұраған болатын. Қызымның несиесі бар екені айтылды, ол несие алты айға тоқтатылды деген соң, үлкен қызым сол ақшаны бере тұруды, кейін алты айдан соң банктегі несиені өзіміз өтейтінімізді айтқан. Яғни, Әділет өздігінен берген жоқ, біз өзіміз сұрап алдық, – деді Сәлима Омарова.

Оның сөзінше, алты айдан кейін, мамыр айында Әділет Зейнелдің анасы қаражатты қайтаруды талап еткен. Қайтарылмаған жағдайда сот арқылы өндіріп алатынын айтқан.

– Әділеттің анасы қызыма емес, маған жазды. «Егер қайтармасаңыздар, сот арқылы өндіріп аламыз» деп айтты, – деді Ұлдана Мырзуанның анасы.

Сәлима Омарова бұл қаражаттың ауылда қызының атына жасалған игі істерге жұмсалғанын айтты. Атап айтқанда, ауылда бейсенбілік өткізіліп, Ұлдананың басына құлпытас қойылған. Сондай-ақ Құрбан айт пен Ораза айт кезінде шаралар ұйымдастырылып, қызының рухына Құран бағышталған.

Бұл ретте Ә. Зейнелдің қорғаушысы М. Мәуметов сотта 4,5 млн теңгенің қайда жұмсалғанын және оны растайтын түбіртектердің бар-жоғын сұрады.

– Ауылда қаладағыдай чек бермейді. Бәрін аударым арқылы төлейміз», – деп жауап берді Сәлима Омарова.

Сәлима Омарова бұл жағдайға дейін Әділеттің отбасымен құдағи ретінде сыйлы қарым-қатынаста болғанын, мұндай жағдайды мүлдем қүтпегенін жеткізді.

– Осы уақытқа дейін құдағи деп сыйластығымды білдіріп отырмын. Ол кісіден мұндайды күтпедім. Сол кезде ақшаны қайтар дегені жаныма қатты батты. «Бұл сіздің де ақшаңыз емес, менің де ақшам емес» деп біраз нәрсе жазғанмын. Оның жазған сөздері де, хабарласқаны да бәрі сақтаулы тұр. Көрсете аламын, – деді Сәлима Омарова.

Сотта ол Әділет Зейнелдің жәбірленуші ретінде танылғанын 2026 жылғы қаңтар немесе ақпан айында білгенін айтты. Ал өзі бұл іске жәбірленуші ретінде қатысу мүмкіндігі туралы сәуір айында ойлана бастаған.

– Сәуір айында есімді жиып, жан-жағыма қарай бастадым. Оған дейін іс қозғалып жатқанына хабарым болмады. Әділеттен сұрағанымда, «Бір тексерудің қорытындысы шықты» деген бір ғана хабарды айтты. Одан кейін еш жауап ала алмаған соң, мен де жәбірленуші бола аламын ба деп сұрай. бастадым, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл шешімнің мақсаты біреуді кінәлау емес, осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу болған.

Сәлима Омарова қызы ауруханада жатқан кезде ғимараттағы ақаулар туралы айтқанын да еске алды.

– Ауруханада жатқанда кондиционер құлағанын айтты, кейін қыш құлағанын айтты. Бірақ ол кезде ештеңеге мән бермедім, – деді ол.

Еске салайық, Ұлдана Мырзуан жедел жәрдем фельдшері болып қызметтік міндетін атқару кезінде көпқабатты үйдің қасбеті құлап, қаза тапқан. Осы факті бойынша Астана сотында қылмыстық іс қаралып жатыр.

Бұған дейін марқұм фельдшердің күйеуі Ә. Зейнел Астана әкімдігінен алған 20 млн теңгені қайда жұмсағанын түсіндірген еді.