Сонымен қатар заңнамалық негізде қоныс аударушыларды қолдау шараларын жетілдіру жоспарда бар.
ERNUR.KZ. Еліміздің солтүстік және оңтүстік өңірлері арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті азайту мақсатында еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Көші-қонның теріс сальдосы төрт есеге, яғни 2019 жылы -53 мың адамнан 2024 жылы -13 мың адамға дейін азайды. 2025 жылдың тоғыз айында ішкі көші-қон үдерістеріне 328 мың адам қатысты. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ішкі көшіп-қонушылар саны 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,8%-ға артты. Бұл жайлы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ алаңында хабарлады.
Оның айтуынша, негізгі ағын үш мегаполис Астана, Алматы және Шымкентте байқалады. Олардың үлесіне жалпы ішкі көші-қонның 51,2%-ы тиесілі.
«2017 жылдан бері оңтүстік өңірлерден қабылдау аймақтарына 64 мың адам қоныс аударды, олардың 28 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Ішкі экономикалық ұтқырлықты ынталандыру бойынша жұмыс жалғасуда. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мынадай шаралар іске асырылады: Алматы қаласы мен Алматы агломерациясын теңгерімді дамыту бойынша 2 негізгі бағыт бойынша 42 іс-шарадан тұратын жұмыс жоспарлары әзірленді; Алматы мен агломерацияның теңгерімді дамытуға, маятникті көші-қонның төмендеуіне инфрақұрылымды дамытуға, қала құрылысы қызметін ретке келтіруге, телемедицина мен қашықтан білім беруге енгізуде», – деді спикер.
Сондай-ақ көлік қозғалысын реттеуге баса назар аударылады. Осыған ұқсас құжаттар Астана мен Шымкент қалалары үшін әзірленуде. Азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек тапшылығы бар өңірлерге ерікті түрде көшіруге жәрдемдесу үшін 2025-2028 жылдарға арналған Жол картасы іске қосылды. Оған қоныстанудың 8 өңірі бөлінісінде 183 іс-шара кіреді. Бұл шаралар қоныс аударушыларды бейімдеу және орналастыру үшін негіз құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар заңнамалық негізде қоныс аударушыларды қолдау шараларын жетілдіру жоспарда бар. Оның ішінде сұранысқа ие мамандықтарға, жеке шаруа қожалықтарының басшыларына баса назар аудара отырып, бағдарламаға қатысушылар қатарын кеңейту, бір облыс шегінде қаладан ауылға қоныс аудару тетігін қайта қарау, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы материалдық көмек көлемдерін жүзеге асыру, маусымдық және вахталық жұмыспен қамтуды дамытуға және жеке кәсіпкерлікті қолдауға ерекше мән беріледі.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
