Кадеттердің каникулдық демалыстан оралуынан кейін олардың бір бөлігінде жұқпалы ауру белгілері байқалған.
Фото: Қорғаныс министрлігі
ERNUR.KZ. ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжде білім алушылар арасында қызылша ауруының жағдайлары тіркелді, деп жазады inform.kz.
Ведомство мәліметінше, кадеттердің каникулдық демалыстан оралуынан кейін олардың бір бөлігінде жұқпалы ауру белгілері байқалған. Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, аурудың болжамды түрде сырттан әкелінуі мүмкін екені анықталып жатыр.
- Қазіргі уақытта 66 кадет бейінді медициналық ұйымдардың бақылауында. Оның ішінде екі жағдайда ауру асқынумен өтуде. Аталған науқастар мамандандырылған медициналық көмек алып жатыр, олардың жағдайы тұрақты, оң динамика байқалады.
Колледж аумағында байланыста болған тұлғалар анықталып, оқшауланған. Барлық пациенттерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, олардың денсаулық жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр, - делінген министрлік ақпаратында.
Инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында оқу орнында карантин жарияланды.
Медициналық және санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтуге бағытталған қосымша шаралар ұйымдастырылып, жеке құрамның денсаулық жағдайына мониторинг күшейтілді.
Жағдай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және денсаулық сақтау органдарының тұрақты бақылауында.


