Күдіктілер 1,3 млрд теңгеден астам көлемде қаражат жинаған.
фото: Sputnik / Абзал Калиев
ERNUR.KZ. Қаржылық мониторинг агенттігі ұлының еміне деп ақша жинап, 3 пәтер, 5 көлік сатып алған Тотақановтар отбасына қатысты тергеуді аяқтады, деп жазады sputnik.kz.
Тергеу амалдарына сай, баланың қатысуымен көрсетілген бейнероликтер, әсерлі жазбалар әлеуметтік желі арқылы жүргізілген таргеттелген жарнама мыңдаған қазақстандықтың жүрегіне әсер еткен.
"Азаматтардың сенімі мен жанашырлығын пайдалана отырып, күдіктілер 1,3 млрд теңгеден астам көлемде қаражат жинаған. Алайда баланың еміне тек 6,4 миллион теңге жұмсалған", - деп жазылған хабарламада.
Қалған қаражат ерлі-зайыпты жеке қажеттіліктеріне пайдаланылған. Нақты айтқанда, елордада 3 пәтер, жер телімі, 5 автокөлік сатып алынған. Сонымен қатар қаражаттың бір бөлігі құмар ойындарына жұмсалған.
Қайырымдылық қаржысын тұрақты түрде алып отыру үшін олар келіп түскен қаражаттың үштен бір бөлігін (481 миллион теңгеден астам) әлеуметтік желідегі парақшаларын жарнамалауға бағыттаған
Жарнама аудиторияны едәуір кеңейтіп, қайырымдылық көлемін арттыруға мүмкіндік берген.
"Күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңге тұратын ота жасатамыз деген желеуді де пайдаланған. Қажетті сома жиналғанымен, шетелде ота жасалмаған. Керісінше олар әуежайдағы "ұшып бара жатқан" көріністі бейнелейтін ролик жариялап, операция сәтті өтті деген жалған ақпаратпен жазба салған", - дейді ведомство.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын білген соң, олар қылмыстық жолмен алынған активтерді тәркілеуден жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Алайда тергеу бұл мәміленің жалған екенін дәлелдеді.
Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған мүліктердің барлығына тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.