2025 жылы көптеген инфекциялық ауру бойынша жағдай тұрақты болды.
ERNUR.KZ. Жүргізілген профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың нәтижесінде 19 инфекциялық ауру, оның ішінде оба, дифтерия, полиомиелит, тырысқақ, іш сүзегі, паратиф жағдайлары тіркелген жоқ. 37 инфекция, атап айтқанда, көкжөтел 7,8 есе, қызылша 6,8 есе, А вирустық гепатиті 2,5 есе, коронавирус инфекциясы 2,2 есе, жіті ішек инфекциясы 6%-ға төмендеді. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ брифингінде хабарлады.
Оның айтуынша, жіті респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) және тұмаудың эпидемиологиялық маусымы әлі де жалғасуда. Елімізде жыл сайын эпидемиологиялық маусым кезінде (қыркүйектен сәуірге дейін) ЖРВИ-дің 4-5 млн жағдайы және тұмаудың 2 мыңға дейін жағдайы тіркеледі.
«Жалпы республика бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл эпидемиологиялық маусым басталғалы бері ауру 13%-ға төмендеді. Тұмаудың 3 027 зертханалық расталған жағдайы тіркелді: (H3N2) А типті тұмауы – 2 967 жағдай, (H1N1) А типті тұмауы – 53 жағдай, В типті тұмауы – 7 жағдай. Елімізде тұмауға қарсы барлығы 2 млн 200 мыңнан астам адам егілді, бұл халық санының 11%-ын құрайды», – деді спикер.
Биыл ЖРВИ қараша айында шекті деңгейден асып, өте көп тіркелді, қарашада тіркелген жағдайлардың жалпы саны 1 млн-нан асты. Оған дейін қыркүйек-қазан айларында ай сайын ЖРВИ-дің 500-600 мың жағдайы тіркелді. Кейін желтоқсан айында ауру 600 мың жағдайға дейін, ал қаңтарда 400 мыңға дейін төмендеді.
Жалпы республика бойынша ауру өршіп тұрған кезде 13 өңірде 11 812 сынып қашықтан оқыту форматына ауыстырылды, 18 193 сыныпта кабинеттік жүйе алынып тасталды және оқушылардың сыныптар арасындағы жүріп-тұруын азайту мақсатында белгіленген кабинеттерде ғана оқыту ұйымдастырылды, бұл мектептердегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
Қазір республика бойынша жалпы білім беретін ұйымдарда оқыту процесі штаттық режимде жүргізілуде.


