Ресей мұнайын тиеген танкерде жарылыс болды

0
146

Vilamoura танкерінде бір миллион баррель мұнай тиелген. Кеменің иесі саналатын Грекияның TMS Tankers компаниясы жарылысты растады.


Ресей мұнайын тиеген танкерде жарылыс болды

Фото: shipspotting.com

ERNUR.KZ. Ливияда Ресей мұнайы тиелген танкерде жарылыс болды, деп жазады ulysmedia.kz.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Vilamoura танкерінде бір миллион баррель мұнай тиелген. Кеменің иесі саналатын Грекияның TMS Tankers компаниясы жарылысты растады. Салдарынан танкердің машина бөлімі суға толған. Жарылыстың неден болғаны әзірге белгісіз. Экипаж мүшелері зардап шекпеген. Мұнай төгілгені туралы да дерек жоқ. Қазір кемені тіркеп алып, Грекияға апара жатыр. Келген шығын мен залал көлемін сол жерде анықтайды.

Кеме қозғалысын тіркеп отыратын сервистердің мәліметінше, Vilamoura биыл сәуір айында Ресейдің Усть-Луга портына тоқтап, сол жерде қазақстандық мұнайды тиеп алған. Мамыр айында Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының терминалына барған. Танкер Ливиядағы Зейтина портынан Гибралтарды бетке алып жүзіп бара жатқан кезде жарылыс болған.

Теңіздегі қауіп-қатерді бағалаумен айналысатын Vanguard Tech компаниясының деректері бойынша, жыл басынан бері ресейлік порттарға кіріп-шыққан кемелерде осыған ұқсас кемінде төрт оқиға тіркелген. Содан кейін кеме иелері жарылғыш заттар қойылмағанына көз жеткізу үшін танкерлерді тексеретін болған.

Биыл ақпанда Ливия жағалауында Grace Ferrum танкерінде жарылыс болды, Италияның Савона портында Seajewel танкері жарылыстан зақымданды, қаңтарда Жейхан порты маңында Seacharm танкерінде жарылыс болды. Бұл кемелердің бәрі санкцияны айналып өтіп, Ресей мұнайын тасымалдаған деген болжам айтылады.

Сондай-ақ, 9 ақпанда Усть-Лугада портында 130 мың тонна мазут тиелген Koala танкерінің машина бөлімінде жарылыс болған. АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл кеме санкциядан жалтарып, Ресей мұнайын тасиды делінетін Кипр компаниясына тиесілі.

Ресейдің «жасырын флотына» жататын көптеген кемеге АҚШ, Еуропа одағы, Канада және Австралия санкция салған.