Келесі сот отырысы 17 наурызда өтеді.
Фото: XNY / Star Max / GC Images
ERNUR.KZ. АҚШ әскери операциясы барысында Венесуэланың орнынан алынған президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес Нью-Йорктегі сот алдында жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.
"Менің кінәм жоқ. Мен адал адаммын. Әлі де өз елімнің президентімін", – деді Николас Мадуро.
Бұдан бөлек ол өзін әскери тұтқынмын деп айтқан. Николас Мадуро мен Силия Флорес сот отырысында түрме киімінде болды, олар аудармаға арналған құлаққапты пайдаланған. Сотта Силия Флорес өзін Венесуэланың бірінші ханымы деп атап, тағылған айыптарды мойындамайтынын жеткізді.
Келесі сот отырысы 17 наурызда өтеді. Мадуро мен оның жұбайы Нью-Йоркте қамауда болады. Саясаткердің қорғаушылары оның тұтқындалуының заңдылығына қарсылық білдіреді деп күтілуде. Олар Мадуроны тәуелсіз елдің басшысы ретінде иммунитеті бар деп дәлелдеуге тырысады. АҚШ билігі Николас Мадуроны Венесуэланың президенті деп санамай отыр.
Bloomberg агенттігінің жазуынша, Венесуэланың орнынан алынған басшысына қатысты сот процестері 2027 жылы басталады деп күтілуде. Себебі судья ең әуелі айғақтармен алмасу және өтініштерді қарау тәртібіне қатысты алдын ала кестені бекітуі тиіс.
CBS News ақпаратына сәйкес, алғашқы сот отырысында Мадуроның адвокаты ретінде Барри Поллак сөз сөйледі. Ол бұған дейін WikiLeaks жобасының негізін қалаған Джулиан Ассанждың мүддесін қорғаған. Силия Флорестің адвокаты Марк Доннелли болды. Сот отырысы барысында қорғаушылар ерлі-зайыптылардың бүгінде кепілмен босатуды сұрамайтынын жеткізді.
3 қаңтар күні әскери операция аясында Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флоресті АҚШ-тың "Дельта" арнайы жасақ бөлімшесі ұстап, Венесуэладан әкеткен болатын. Бастапқыда олар АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Гуантанамо базасына, кейін Нью-Йоркке жеткізілді. Вашингтон Николас Мадуроны есірткі терроризміне қатысы бар деген пікірде. Сондай-ақ ол бірнеше баптар бойынша айыпталып отыр.


