17 сәуір күні таңертеңнен бастап Израильдің барлаушы дрондары Хермон тауының батыс беткейі мен Рашайя ауданының оңтүстік бөлігінде ұшып жүрген.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Ливан тарапы бұған дейін жарияланған бітімге қарамастан, елдің оңтүстігіне Израиль шабуыл жасағаны туралы мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.
Агенттік мәліметінше, 17 сәуір күні таңертеңнен бастап Израильдің барлаушы дрондары Хермон тауының батыс беткейі мен Рашайя ауданының оңтүстік бөлігінде ұшып жүрген. Оқ атуды тоқтату режимі жарияланғаннан кейін артиллерия Хиам елді мекеніне соққы берді - бес снаряд түскені хабарланды.
Бітім күшіне енбес бұрын Дейр-Мимас елді мекені атқылауға ұшырады. Снарядтардың бірі тұрғын үйге түсіп, өрт шықты.
Кунине елді мекенінде жедел жәрдем бригадасы соққы астында қалған. Шабуыл салдарынан жараланғандар бар.
Бұдан бөлек, Мадждаль-Селмде жарылмай қалған оқ-дәрінің жарылуы салдарынан бір жасөспірім қаза тауып, тағы бір адам жарақат алды.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливан лидерлері он күндік оқ атуды тоқтату туралы келіскенін мәлімдеді. Ол Шығыс уақыты бойынша 16 сәуір күні сағат 17:00-де (Астана уақытымен 17 сәуір, 03:00) басталуы тиіс болатын.


