Хантавирустың өршуі 2 шілдеде аяқталуы мүмкін – ДДСҰ

0
129

Індет туралы алғаш рет 2 мамырда хабарланғаннан бері 33 ел мен аумақта 650-ден астам байланыста болған адам анықталған.


Хантавирустың өршуі 2 шілдеде аяқталуы мүмкін – ДДСҰ

ERNUR.KZ. Ұйымның мәліметінше, індет туралы алғаш рет 2 мамырда хабарланғаннан бері 33 ел мен аумақта 650-ден астам байланыста болған адам анықталған, деп жазады baq.kz.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) өткен айда халықаралық алаңдаушылық тудырған хантавирустық инфекцияның өршуі 2 шілдеде ресми түрде аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Euronews-тің хабарлауынша, Женевада өткен баспасөз мәслихатында ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус қазіргі уақытта хантавирустық инфекцияның 13 расталған жағдайы тіркелгенін, оның үшеуі өліммен аяқталғанын хабарлады.

Ұйымның мәліметінше, індет туралы алғаш рет 2 мамырда хабарланғаннан бері 33 ел мен аумақта 650-ден астам байланыста болған адам анықталған. Олардың басым бөлігі бақылау мерзімін аяқтаған, ал қалған 54 адам карантиндік кезеңді 2 шілдеге дейін тәмамдауы тиіс.

«Егер осы уақытқа дейін жаңа жағдайлар тіркелмесе, бұл оқиға аяқталды деп есептеледі», – деді ДДСҰ басшысы.

Індет халықаралық назарға Голландия туы астында жүзетін MV Hondius круиздік кемесіндегі жолаушылар арасында ауыр респираторлық ауру белгілері анықталғаннан кейін ілікті. Кеме сәуір айында Аргентинаның Ушуайя қаласынан шығып, Оңтүстік Атлантикадағы бірнеше аралға саяхат жасаған.

Сапар барысында бір жолаушы 11 сәуірде көз жұмса, тағы екі адам кейіннен қайтыс болды. Қалған жолаушылар Тенерифе аралына эвакуацияланған.

ДДСҰ вирустың шығу тегі мен таралу жолдарын зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар вирус үлгісін болашақта диагностика, емдеу әдістері мен вакциналар әзірлеу мақсатында халықаралық биобанкке жіберу жоспарланып отыр.

Хантавирустар – негізінен кеміргіштер арқылы таралатын вирустар тобы. Адамдар вирус жұқтырған кеміргіштердің зәрімен, сілекейімен немесе нәжісімен байланысқа түскен жағдайда инфекция жұқтыруы мүмкін. Ауру ауыр асқынуларға әкеліп, кей жағдайда өліммен аяқталады.