АҚШ-тың қолдауымен ХАМАС-пен жасалған келісім аясында босатылуы тиіс барлық палестиналық тұтқындар Израиль түрмелерінен шығарылды.
Фото: Anadolu
ERNUR.KZ. Израиль мен палестиналық тарап тұтқындар мен кепілге алынғандарды босату жөніндегі келісімнің негізгі тармақтарын орындауға кірісті, деп жазады stan.kz.
The Times of Israel басылымының мәліметінше, АҚШ-тың қолдауымен ХАМАС-пен жасалған келісім аясында босатылуы тиіс барлық палестиналық тұтқындар Израиль түрмелерінен шығарылды.
Бастапқыда Израиль "барлық кепілге алынғандар босатылғаннан кейін ғана тұтқындарды босатамыз" деп мәлімдеген еді. Алайда кейіннен ХАМАС 28 израильдік тұтқынның денелерін тапсыруға дайындалып жатқанда палестиналықтарды босату туралы шешім қабылдады.
Палестиналық БАҚ кадрларында Рамалла қаласына оралған тұтқындардың бейнелері көрсетіліп, қауіпсіздік күштері автобустардың өтуі үшін адамдарды шетке шығарып жатқан сәттер түсірілген.
Жалпы 250 палестиналық тұтқын босатылды. Олардың бір бөлігі Газа секторына немесе шетелге жіберіледі, ал 88 адам Батыс жағалауы мен Шығыс Иерусалимде қалады.
Израиль армиясы (ЦАХАЛ) барлық тірі израильдік кепілге алынғандардың елге оралғанын және қауіпсіз жерде екенін растады. Олар алғашқы медициналық тексеруден өтіп, отбасыларымен қауышу үшін ауруханаларға жеткізілді.
Еске салсақ, 2025 жылғы 13 қазанда ХАМАС екі кезеңде 20 израильдік тұтқынды босатты. Олар 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газа секторында кепілде болған. Босату процесі Қызыл Крест өкілдерінің қатысуымен өтті.
Босату процесі екі кезеңде өтті. Алдымен Қызыл Крест өкілдеріне жеті тұтқын, кейін тағы он үш адам тапсырылды. Өз кезегінде Израиль билігі шамамен екі мың палестиналық тұтқынды түрмеден босатты.
Бұл — 2023 жылғы соғысты тоқтатуға жол ашқан негізгі келісім тармақтарының бірі.
Бірінші кезеңде таңғы сағат 8-де Газа қаласында жеті израильдік тұтқын — Гали және Зив Берман, Матан Ангрест, Алон Охель, Омри Миран, Эйтан Мор және Гай Гильбоа-Даллаль Қызыл Крестке тапсырылды.
Тель-Авивтегі "Кепілге алынғандар алаңында" олардың есімдері жарияланған сәтте мыңдаған израильдіктер қошеметпен қарсы алды.
Израиль армиясының мәліметінше, тұтқындар Израиль аумағына жеткізіліп, медициналық тексеруден өтуде.