15 жасар жасөспірім басқа демонстранттар тобымен бірге аяқталмаған ғимаратқа шығып, биіктен құлап, мерт болды.
Фото: Reuters
ERNUR.KZ. Бейсенбі күні Иерусалимде жүздеген мың ультраортодокс еврей жиналып, Израиль Қорғаныс күштеріне (ЦАХАЛ) ультраортодокс ер адамдарды шақыруға қарсы наразылық намазын өткізді. Демонстранттар қаланың негізгі кіреберістерін жауып тастады. Бір адам қаза тапты, деп жазды inform.kz.
15 жасар жасөспірім басқа демонстранттар тобымен бірге аяқталмаған ғимаратқа шығып, биіктен құлап, мерт болды.
Күннің соңында ұйымдастырушылар акцияның аяқталғанын жариялап, жиналғандарды бейбіт түрде тарауға шақырды, алайда тарқағанның орнына жүздеген жас ортодокстар полициямен қақтығысып, наразылықты ушықтыра түсті.
Ақпаратқа сай, жаппай наразылықты Кнессеттегі ультраортодокс партиялар қолдаған.
Израильде 18 жасқа толған жас жігіттер мен қыздар үшін әскери қызмет міндетті, бірақ ультраортодокстар әрдайым әскери борыштан босатылып келген. Бұл мәселе елдегі зайырлы және ортодокс саясаткерлер арасында ұзақ уақыттан бері қызу талқылаудың тақырыбы болып келеді.
Өткен жылдың маусымында Израиль Жоғарғы соты ешив студенттері (ультраортодокс еврейлердің оқу орындары) барлық азаматтар сияқты әскери қызметке шақырылуы керек деп шешім қабылдады және үкіметке сәйкес заң жобасын дайындауды тапсырды.
            
 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
