Вирус дәрігерден анықталды.
ERNUR.KZ. Франция Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, вирус Конго Демократиялық Республикасындағы (КДР) гуманитарлық миссиядан оралған дәрігерден анықталған, деп жазады baq.kz.
Ел аумағында Эбола вирусынан туындаған алғашқы жағдайдың анықталғаны рас, - делінген ведомство мәлімдемесінде.
Министрлік өкілі AFP агенттігіне бұл жағдайдың Францияның материктік бөлігінде тіркелгенін нақтылады.
Қазіргі уақытта пациент оқшауланған. Билік науқаспен байланыста болған адамдар шеңберін анықтап, қажетті эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізіп жатыр.
Сонымен бірге, министрлік бұл аурудың Франция мен жалпы Еуропа халқы арасында таралу қаупі төмен екенін атап өтті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, КДР-дағы Эболаның қазіргі өршуі кезінде 1 000-нан астам адам вирус жұқтырып, көз жұмғандар саны 267-ге жеткен. ДДСҰ бұл көрсеткішті Эбола індеті тарихындағы алғашқы ай ішінде расталған жағдайлар саны бойынша ең ауқымды өршу деп бағалап отыр.


