Лаңкестік ұйымның үш мүшесі Ауғанстаннан Тәжікстан аумағына мемлекеттік шекараны бұзып өткен.
Фото: Asia-Plus
ERNUR.KZ. 24 желтоқсанда тәжік-ауған шекарасында болған қарулы қақтығыста Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) шекара әскерлерінің екі әскери қызметшісі қаза тапты, деп жазады inform.kz.
ТР ҰҚМК ШӘ баспасөз орталығының мәліметінше, 2025 жылдың 23 желтоқсанында сағат 23:30-да Хатлон облысының Шамсиддин Шохин ауданындағы «Сарчашма» шекара жасағы №5 шекара бекетінің күзет аймағында лаңкестік ұйымның үш мүшесі Ауғанстаннан Тәжікстан аумағына мемлекеттік шекараны бұзып өткен.
Уақытылы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 24 желтоқсан күні сағат 11:15-те лаңкестердің орналасқан жері анықталды. Олар тәжік шекарашыларының берілу туралы бұйрығына бағынбай, қарулы қарсылық көрсеткен және шекара бекеттерінің біріне қарулы шабуыл жасамақ болған.
Әскери операция нәтижесінде үш лаңкес залалсыздандырылды. Оқиға орнында үш М-16 мылтығы, Калашников автоматы, дыбыс тұншықтырғышы бар үш шетелдік тапанша, 10 граната, түнде көретін құрылғы, жарылғыш заттар және басқа да оқ-дәрілер тәркіленді.
- Өкінішке қарай, қарулы қақтығыс және осы лаңкестік шабуылдың алдын алу кезінде Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара әскерлерінің екі әскери қызметшісі қаза тапты. Олар Наврузбеков Зирехбон Нагзибекович және Курбанов Исматулло Гуломович, - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ведомство бұл соңғы бір айда Ауғанстан мен Тәжікстан арасындағы үшінші қарулы шабуыл, лаңкестік акт және шекарадан өту оқиғасы екенін, оның салдарынан бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлер қаза тапқанын қосып өтті.


