​Күйеудің ОПАСЫЗДЫҒЫНАН кейін қайта ЖАҚЫНДАСУ қиын бола ма?

0
324

Жағымсыз нәрсенің еске түсуі, ұнамсыз бейнелердің көз алдыңызға келуі немесе құмарлықтың күрт жоғалуы жиі орын алады


​Күйеудің ОПАСЫЗДЫҒЫНАН кейін қайта ЖАҚЫНДАСУ қиын бола ма?

Сурет: ЖИ

Әлеуметтік желілерден «Күйеуімнің басқамен сөйлескенін, кездескенін біліп қойдым, не істеймін?» деген жазбаларды жиі көз шалады. Өмірде де осы тақырыпта күбір-сыбыр аз емес.

Ерін «ұстап алған» әйел алғашқы ашумен аузына келгенді айтып, ойына келгенді істеймін деуі мүмкін. Алайда, қазақ әйелдерінің ашуының соңы көп жағдайда кешірумен аяқталады. Ең қатты мінезді дегенінің өзі құрығанда бастапқы бір-екі «бұзықтығына» көз жұмады.

Бірақ бұл ары қарай жұбайлар арасы бірден жақсы боп кетеді деген сөз емес. Әсіресе әйелдің ішінде түрлі ойлар мен алуан сезімдер біраз уақытқа дейін басылмайды. Сондықтан опасыздықтан кейінгі жақындық көбіне қарым-қатынастың беріктігін сынайтын кезеңге айналады. Ерлі-зайыптылар бұрынғыны қайтарғысы келеді, бірақ ішкі тірек, сенім бұрынғыша мықты емес.

Опасыздықтан кейін қарым-қатынасты қалпына келтіру кешірім сұраумен, бір кештік әңгімемен немесе «енді ешқашан қайталанбайды» деген уәдемен шешілмейді. Бұл – жаңа ережелерді, шекараларды және жауапкершілікті қалыптастыру. Кейде оған уақытша үзіліс, кейде психологтың көмегі, ал кейде шынайы түрде айырылысу туралы шешім қажет болуы мүмкін.

Егер сіз қарым-қатынасты сақтап қалуға шешім қабылдасаңыз, өзіңізді үнемі бақылаушы, тергеуші рөлінде қалдырмау маңызды. Сізге өзіңізді қайтадан тартымды, сенімді әрі қорғалған сезінуге көмектесетін нақты әрекеттер қажет.


Алдымен қауіпсіздік, сосын ғана интимдік қатынас

Мына үш сұраққа шынайы жауап беріңіз:

  1. Қазір эмоционалдық, физикалық және қаржылық тұрғыдан қауіпсіз сезінесіз бе?
  2. Сізде ешқандай айыптаусыз «тоқта» деуге құқығыңыз бар ма?
  3. Серіктесіңіз сырттағы байланысты шынымен үзді ме, әлде оны тек жақсырақ жасырып жүр ме?

Егер қауіпсіздік болмаса, құмарлық қарым-қатынасты құтқара алмайды. Ол тек сызат түскен жерлерді уақытша жамайды.

Иә, кейде опасыздықтан кейін ер адам қайта сенім артуға болатын жанға айналуы мүмкін. Мұны жауапкершіліктен қашпай, нақты әрекеттер жасағанынан тануға болады: ашықтық танытқанда, ауыр әңгімелерден қашпағанда және сіздің эмоцияларыңызға сабырмен қарағанда.

Есте сақтайтын маңызды нәрсе: қарым-қатынас қалпына келуі үшін сіз міндетті түрде «ыңғайлы» адам болуыңыз керек емес. Ең алдымен өзіңізді қайтадан құрметтелетін адам ретінде сезінуіңіз қажет.


Сенімді қалай қалпына келтіруге болады?

Сенімді сөз емес, қайта-қайта қайталанатын әрекеттер қалпына келтіреді. Мұнда нақты келісімдердің маңызы зор.

Мына тақырыптар міндетті түрде талқылануға тиіс:

  • Үшінші тұлғалармен қандай қарым-қатынасқа рұқсат етіледі, ал қайсысына жоқ;
  • Жақындық кезінде мазасыздық күшейіп кетсе, не істейсіздер.
  • Қиын эмоциялар туындағанда бір-біріңізге қалай хабарлайсыздар;

Егер араларыңызда ажырасу болып, кейін қайта қосылсаңыздар, опасыздықтан кейінгі қайта қауышу тақырыбы одан сайын күрделі болуы мүмкін. Өйткені «біз қайтадан біргеміз, демек бәрі артта қалды» деген ой туады. Бірақ дене басқаша белгі беруі мүмкін. Сондықтан өзіңізді асықтырмаңыз.


Жыныстық тартымдылықты қайта ояту

Опасыздықтан кейінгі жыныстық өмір бұрынғыдай болуы сирек кездеседі. Бірақ ол бұрынғыдан да шынайы, мұқият әрі терең болуы мүмкін. Ол үшін жыныстық қатынас – міндет немесе ер адамды ұстап қалудың тәсілі деген түсініктен бас тарту керек.

Біртіндеп жақындасу тәсілін байқап көріңіз. Алдымен жыныстық қатынассыз байланыс орнатыңыз: құшақтасу, массаж, бірге душ қабылдау, қатар ұйықтау. Кейін нәтижеге жеткізу міндеті жоқ еркелетулерге көшіңіз. Тек содан кейін ғана толық интимдік жақындыққа барыңыз. Онда да ерлі-зайыптық міндетім дегендіктен емес, өзіңіз шын мәнінде қалайтыныңызды сезінген кезде.

Сол сияқты ер адам кінәсін құмарлық арқылы «жуып-шаюға» тырысатын жағдайлар да болады. Мұндайда жыныстық қатынас тым жиі әрі тым қарқынды болып кетуі мүмкін. Әйтсе де бұл болған жағдайды жадыдан өшіріп тастай алмайды. Қысқа мерзімде ол күшті эмоциялар сыйлауы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде шаршау мен ашуға алып келеді.

Опасыздықтан кейін көптеген жұптар: «Бәрі бұрынғыдай болса екен» дейді. Бірақ бұрынғыдай болуы мүмкін емес. Өйткені қарым-қатынастың іргетасына сызат түсті. Оның үстіне дәл сол «бұрынғыдай» жағдай опасыздықтың орын алуына мүмкіндік берген болуы мүмкін. Сондықтан жаңа жол іздеу керек: жаңа ережелер енгізу, назардағы, эмоционалдық және жыныстық жақындықтағы олқылықтарды толтыру, келісімдерді қайта қарастыру.

Бұл ескі үйді бұзып, қайта салғанға ұқсайды: алдымен оны кірпішіне дейін бөлшектеп, сынғанын алып тастап, орнына жаңасын қою қажет. Ал жақсы сақталған дүниелерді өз орнына қайта қоюға немесе жаңаша пайдалануға болады. Сонда ғана ескі қирандыларды жамап-жасқаудың орнына, опасыздықсыз жаңа қарым-қатынас құруға мүмкіндік туады.


Бірге болғанда мазасыздық бас көтерсе, не істеу керек?

Бұл қалыпты жағдай. Жағымсыз нәрсенің еске түсуі, ұнамсыз бейнелердің көз алдыңызға келуі немесе құмарлықтың күрт жоғалуы жиі орын алады. Мұндайда ең зиянды нәрсе – үндемей бәріне төзу. Өйткені сонда дене «жақындық = қауіп» деген байланысты есте сақтап қалады.

Тиімді әрекет жоспары қарапайым:

  • Тоқтату;
  • Сезіміңізді айту: «Жаным ауырып тұр», «Мазасызданып кеттім»;
  • Қажетті әрекетті сұрау: «Мені құшақташы», «Кейінге қалдыра тұсақ бола ма?, «Жай ғана қасымда жатшы».

Бұл жерде серіктестің реакциясы маңызды. Егер ол ашуланса, қысым көрсетсе немесе айыптай бастаса – бұл қауіпті белгі. Жақындық ешқашан мәжбүрлеуге негізделмеуі тиіс.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

НОРМ әлде СТРЕМ: Достармен «ТӨСЕК» тақырыбын талқылауға бола ма?