​Еркектің «МОТОРЫ» ерте өшсе... ҮШ себебі және ТӨРТ емі

0
181

Кеш болмай тұрғанда қолға алса, қалпына келтіруге болады


​Еркектің «МОТОРЫ» ерте өшсе... ҮШ себебі және ТӨРТ емі

Сурет: ЖИ

Ер адамдардың көбі үшін «импотенция» (жыныстық әлсіздік) деген сөз нағыз ұят, осалдық саналады. Қоғамда бұл тек әбден қартайған шақта болатын нәрсе деп қабылданады. Ешкім мойындағысы келмейді, алайда бұл проблемаға 30-40 жаста тап болып жатқандар да баршылық.

Шын мәнінде, жыныстық әлсіздік – ұялатын нәрсе емес, басқа да денсаулық мәселелері сияқты дәрігерге тексерілуді, емдеуді қажет ететін дабыл белгісі. Төсектегі қиындықтар ағзада бірнеше ақау бар екенін аңғартады. Негізгі себептер – үшеу.


1. Қан тамырлары факторы

Егер қан тиісті жерге нашар құйылса немесе тым тез кетіп қалса, мәселе қан тамырларында. Көп жағдайда бұл дамып келе жатқан атеросклероздың немесе гипертонияның алғашқы белгісі. Есіңізде болсын, интимдік аймақтағы қан тамырлары жүректегі тамырларға қарағанда әлдеқайда жіңішке, сондықтан олар бірінші болып бітеледі.

2. Гормоналды теңгерімсіздік

Тестостерон – бұл жанармай. Егер оның деңгейі төмендесе (жасқа, артық салмаққа немесе стреске байланысты), алдымен құштарлық жоғалады, артынша физиология да ұйқыға кетеді.

3. Психологиялық тұзақ

Созылмалы стресс, күнделікті уайым, сәтсіздікке ұшырау қорқынышы, қарым-қатынастағы қиындықтар, т.б. психологиялық қысым түсіретін жайттар қуатты блок тудырады. Мұндай кезде ми жай ғана «аман қалу» режиміне ауысады, ал ол режимде ұрпақ жалғастыру мәселесі мүлдем бірінші орында тұрмайды.


Өзіңізге қалай көмектесе аласыз?

Егер бұл мәселе жақында ғана пайда болып, ара-тұра ғана қайталанса, үрейге бой алдыруға ерте. Төмендегі кеңестерді жүйелі түрде жасасаңыз, көп ұзамай қайта қалпыңызға келесіз.

Ең бірінші шарты – өмір салтын қайта қарау және түзету. Ешкім сізді кәсіби спортшы болуға немесе қатаң диетаға отыруға мәжбүрлемейді, дегенмен күнделікті режимге енгізілген бірнеше өзгеріс керемет нәтиже беруі мүмкін.

1. Ұйқы. Тестостерон негізінен түнде, терең ұйқы фазасында бөлінеді. Егер 5-6 сағаттан аз ұйықтасаңыз, онда ағзаңыздан ерен ерлік күтпеңіз.

2. Қозғалыс. Кіші жамбас аймағында қанның тұрып қалуы – ер адамның басты жауы. Бұл қимыл-қозғалыстың аздығынан болады. Тым болмағанда 20 минуттық жылдам қарқынмен жаяу жүру немесе отырып-тұру жаттығулары кез келген «сиқырлы» дәріден артық.

Ерлерге арналған Кегель жаттығуы жамбас түбі бұлшықеттерін нығайтып, қан айналымын бірден жақсартады. Дәретханаға барғанда кіші дәретті ортасынан кілт тоқтатып қалғандай бұлшықетті сезіну және соны күніне 2-3 рет 10-15 реттен жиырып-босату жаттығуын жасай жүріңіз.

3. Тамақтану. Іштегі артық май жай ғана сырт көріністің мәселесі емес. Іште одан да маңызды өзгерістер болып жатыр. Айталық, ағзаңыздағы бұзылыс тестостероныңызды әйелдердің гормондарына (эстрогендерге) айналдырып жатыр деген сөз.

Тестостеронның қас жаулары:

  • Сыра. Құрамында әйел гормоны – фитоэстрогендер көп
  • Фастфуд (транс-майлар)
  • Артық тәтті. Қант инсулинді көтереді, инсулин тестостеронды басады

«Моторға» көмектесетін өнімдер: мырыш пен селенге бай тағамдар — асқабақ дәндері, теңіз өнімдері, жаңғақтар, зәйтүн майы және көк шөптер (ақжелкек, сельдерей, т.б.).

4. Психологиялық гигиена. Жатын бөлме мен басқа әлемнің арасын ажыратып үйреніңіз. Егер жақындық сәтінде миыңызды өзге мәселе шарлап жүрсе, денеңіз өзінен не талап етіліп тұрғанын түсінбей, жолынан жаңылады.


Маманға қашан көріну керек?

Мұны анықтаудың қарапайым тесті бар: егер сізде таңғы эрекция жоғалса, бұл – үлкен дабыл белгісі. Таңғы ояну эротикалық қиялдарыңызға байланысты емес, таза физиологиялық процесс. Егер ол жоқ болса, демек, физиологиялық, гормондық немесе психологиялық мәселе бар деген сөз.

Дәрігердің кеңесінсіз өз бетіңізбен дәрі-дәрмек қабылдамаңыз. Көбісі бұл мәселе туындағанда бірден дәріханаға, стимулятор алуға жүгіреді. Иә, олар бір реттік әсер береді, бірақ аурудың түпкі себебін емдемейді. Сонымен қатар, жүрегінде ақауы бар жандар үшін мұндай эксперименттердің соңы реанимациямен аяқталуы мүмкін.

«Дипломсыз дәрігелердің» үгіт-насихатымен сатылып жатқан желілік маркетинг өнімдері көмегімен емделуге тырысу – алтын уақытты жоғалту.

Өз бетіңізше емделумен айналыспаңыз және GPT чаттан сұрамаңыз. Мәселені өз бетімше шешемін деп асқындырып аласыз.

Жыныстық әлсіздіктің себебі қан тамырларында болса, ол басталғаннан кейін 3–5 жылдан соң инфаркт немесе инсульт қаупі 2 есе артады.

Сондықтан ауруды жасырып, емін әр жақтан іздемей, білікті маманға жүгініңіз. Андролог немесе уролог-дәрігер денеңізде не болып жатқанын толық анықтап, емдеудің ең оңтайлы схемасын жоспарлайды және түзетудің қолайлы әдісін таңдап береді.

Дәрігерге барар алдында тапсырылатын негізгі талдаулар:

  • Жалпы және еркін тестостерон.
  • Гликирленген гемоглобин (жасырын диабетті тексеру).
  • Липидті профиль (холестерин деңгейі).

Төсектегі сәтсіздік – бұл еркектіктің біткені емес, ағзаңыздың көмек сұраған үні. Көлігіңіздің моторынан оқыс дыбыс шықса, жөндетуге жүгіресіз ғой? Өз «моторыңызға» да дәл сондай жауапкершілікпен қараңыз.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Күйеудің ОПАСЫЗДЫҒЫНАН кейін қайта ЖАҚЫНДАСУ қиын бола ма?