ТҮРКІСТАН: Сенаторлар саурандықтармен кездесті

0
428

Облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалықтарының төрағалары мен шаруалар қатысты.


ТҮРКІСТАН: Сенаторлар саурандықтармен кездесті

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сауран ауданына келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сауран ауданына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек іссапармен келді. Сапар аясында халық қалаулылары аудан тұрғындарымен кездесті.


Аталған кездесу Шорнақ елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Икбол Абишевтың «Хабибулла ата» жиһаз кәсіпорнында өтті. Жиынды аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев ашып, жүргізіп отырды. Шараға облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалықтарының төрағалары мен шаруалар қатысты.


Кездесуде Сенат депутаттары Әли Әбдікәрімұлы мен Мұрат Болатұлы депутаттық корпустың атқарып жатқан жұмыстарын баяндап өтті. Онда елімізде, Түркістан облысына қатысты атқарылып жатқан түрлі салаларға кеңінен тоқталып өтті. Бұдан соң аудан тұрғындарының көтерген мәселелерін тыңдады.


Сауран ауданының тұрғыны, облыстық мәслихаттың депутаты Баймахан Сүлейменов ауданның басты мәселесі ағын су екенін алға тартты. Сонымен қатар, табиғи газ мәселесі, аудан орталығына көпсалалы аурухана қажеттігін, Шорнақ пен Бабайқорған ауылдық округтеріндегі жер қойнауын заңсыз пайдаланып жатқан тас зауыттарын көтерді.


Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов Сауран ауданы толық ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететінін, аудан орталығында бүгінгі таңда 16 мың халық тұратынын айта келіп, орталықта әскери комиссариаттың, бұған қоса аудан көлемінде 3200 мүгедек тұратынын, олар қаралатын арнайы (птэк) орталықтың, банк бөлімшелерінің жоқтығын жеткізді.


Сонымен қатар, аудан тұрғындары Раджап Каримов егістікке ағын су тапшылығын айтса, Өтеген Әшенов ауданға емхана, аурухана қажеттігін, Жәңгір Исмайлов су қоймасын кеңейту, шаруаларды қаржыландыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылса деген ұсыныс-пікірлерін білдірді.


Кездесу барысында ҚР Сенатының депутаты Әли Әбдікәрімұлы барлық ұсыныс-пікірлерге жеке тоқталып, олардың шешілу жолдарын айтты. Бұл ретте, барлық мәселелердың заң аясында жобаның құжаттарын рәсімдеу керектігін, содан соң ҚР Үкіметі тарапынан шешілуіне тікелей ықпал жасайтынын мәлім етті. Кездесу соңында жиналғандар «Хабибулла ата» жиһаз кәсіпорнының жұмысымен танысты.