ТҮРКІСТАН: Қазығұртта 80 мың тонна цемент өндіретін зауыт іске қосылады

0
245

Нәтижесінде 500-ге жуық тұрғын жұмыспен қамтылатын болады.


ТҮРКІСТАН: Қазығұртта 80 мың тонна цемент өндіретін зауыт іске қосылады

Қазығұртта биыл жылына 80 мың тонна цемент өндіретін зауыт іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазығұрт ауданына қарасты Қызылқия елді мекенінде «Ne Innovation Technology» ЖШС-і жалпы құны 1 млрд теңгеге цемент өндіретін зауыт құрылысын жүргізуде. Жоспарға сәйкес, биыл тамыз айында іске қосылатын өндіріс орны 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.


Жалпы ауданда 2024 жылы 14 млрд теңгеге 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 500-ге жуық тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Бұл жайында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов брифингте мәлімдеді.


«Былтыр ауданда құны 4,2 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске асырылып, 243 адам жұмыспен қамтылды. 2023 жылы аудандағы өнеркәсіп өнім көлемі 11,9 млрд теңге болса, биыл 15,3 млрд теңгеге жеткізу көзделген. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес нысандарының саны соңғы 4 жылда 60 пайызға өсіп, 14 мыңнан асқан. Сонымен қатар, өткен жылы ауыл шаруашылығында өнім көлемі 68,5 млрд теңгені құраса, биыл 71,9 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Ал су үнемдеу технологиясы енген егін көлемі 3 194 гектарға жетті», - деді өңір басшысы.


Сондай-ақ, аудан әкімі инфрақұрылым саласындағы атқарылған жұмыстарды баяндады. Қазіргі таңда ауданға қарасты 61 елді мекеннің 59-ы ауыз сумен қамтылып, көрсеткіш 96,7%-ды құрап отыр. Ал электр желісіне 98,4% тұрғын қол жеткізген. Сонымен қатар, табиғи газбен өңірдің 84 пайызы қамтылған.