Украинаның ғылыми инфроқұрылымын қалпына келтіруге $1 млрд қажет – БҰҰ

0
917

Соғыс басталғаннан бері 5500-ден астам ғалым шетелге көшіп кеткен.


Украинаның ғылыми инфроқұрылымын қалпына келтіруге $1 млрд қажет – БҰҰ

ERNUR.KZ. Украинаның соғыстан зардап шеккен ғылыми инфроқұрылымын қалпына келтіруге миллиард доллардан астам қаражат қажет. Бұл туралы ЮНЕСКО ұйымының баяндамасында жазылған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Соғыс басталғалы 177 ғылыми мекемеге тиесілі 1443 ғимарат бұзылған не мүлде жойылған. Бұл нысандарды қалпына келтіру құны – $1,21 миллиардтан асады, оның ішінде университеттерді жөндеуге 980,5 миллион доллар керек болады. Қажетті зерттеу жабдықтарын қалпына келтірудің жалпы құны 45,9 миллион долларды құрайды», - деп жазылған хабарламада.

Соғыс басталғаннан бері мемлекеттік зерттеу саласында жұмыс істейтін шамамен 10 429 ғалым ел ішінде қоныс аударды не жер аударылды. 5542 ғалым шетелге көшіп кеткен. Оларды негізінен Германия мен Польша қабылдайды. Соғысқа дейін Украинада 88 629 ғалым жұмыс істеген.

БҰҰ агенттігінің бағалауы бойынша, Украинаға соғыстан кейін мәдени нысандары мен туристік индустриясын қалпына келтіру үшін шамамен $9 миллиард қажет болады.