​СӘНдік бұйымдардағы «ЖӘНДІКТЕР» нені білдіреді?

0
2 788

Тағып жүрген әшекейіңіз қандай?


​СӘНдік бұйымдардағы «ЖӘНДІКТЕР» нені білдіреді?

фото: russian.alibaba.com

Сұлулыққа жаны құмар ханымдардың сәндік бұйымдарын (аксессуар) сұлулықтарын айшықтай түсу үшін тағатыны белгілі. Әрбір сұлудың талғамы да әртүрлі. Әсемдік бұйымдарына (сырға, жүзік, алқа) мән беріпқарасаңыз, қандай да бір жәндіктердің мүсіні бейнеленген болуы мүмкін.

Сіз де осындай әшекейлерді тағасыз ба? Жаныңыз нені қалайды? Әшекейдегі мүсіндерге назар аударып қараңызшы, ол да бір мағына береді екен.


КӨБЕЛЕК

Көбелек – нәзіктік пен сұлулықтың, жан-дүниеңіздегі тыныштықтың, еркіндіктің және «қайта өмірге келгендей» тазалықтың символы. Бұл жәндікті біз романтикалық жәндік дей аламыз. Еуропалықтар көбелекті отқа, жарық пен жылуға құмар жәндік ретінде танығандықтан, жанның да ішкі жағдайы солай болмақ деп топшылайды. Яғни, егер сіз көбелек пішінді әшекейлерді ұнататын болсаңыз, рухани жағынан сіз де көбелек секілді жалындап тұрған отқа, жарық нұрға және жылу мен мейірімге ұмтыласыз.

Ал қытай халқы көбелекті мәңгі өмірдің, қайта өрлеудің және қуаныштың белгісі деп таниды. Жапондықтар екі бірдей көбелектің бірлесіп ұшқанын көргенде отбасылық бақыт, ал ақ түсті көбелекті көргенде қаза болған жақын жандарының әруағы көбелекке айналған деп ырымдайды.


Көбінесе жапон әйелдері көбелек мүсінді әшекейлерді тағады. Олардың ойы бойынша көбелек – жастықты, сұлулықты сақтауға көмектеседі. Кейбір елдерде отбасылық бақыттың белгісі деп сенетіндіктен, үйлену тойларында қос көбелекті ұшырады екен.


фото: platina-kostroma.com

ИНЕЛІК

Инелік пішінді әшекейді ұнататындар да баршылық. Бұл – қайраттылық пен табандылықтың, игілік пен сәттіліктің белгісі.

Бұл жәндіктің бейнесіндегі әшекей бұйымдарын тағатын арулар энергияға бай, өз өмірін барынша жеңілдетуге әуес, белсенді, айналасындағы адамдардың назарын өзіне аударуды жақсы көреді. америкалықтар инелікті жылдамдығы үшін бағалайды.

Жапон халқы болса, күш-қуаттың, жауынгерлік, ержүректіліктің, сәттіліктің белгісі деп дұшпандарының алдында мерейі үстем болуы үшін ырымдап инелік ұстайтын болған. Сондықтан, зергерлер осы мағынаны әсемдік бұйымдарына да «енгізген».

Инелік пішінді аксессуар тағатын болсаңыз, алға қойған мақсаттарыңызға оңай жетуге және сәттілікке бастайтын бұйым.


ҚЫЗЫЛ ҚОҢЫЗ

Қанатында қара ноқаттары бар, қып-қызыл көздің жауын алатын әсем жәндіктің бірі - қызыл қоңыз.

Қызыл қоңыз – күннің, жылулықтың, мейірімнің және қауіпсіздіктің белгісі. Сондықтан, мұндай пішіндегі аксессуарларды кішкентай қыздарға көп тағады. Сонымен қатар, мұндай бұйымдарды елдің көзі мен сөзінен, жаман энергиядан қорғаушы күш, яғни тұмар ретінде де тағып жүретін болған.


БАЛ АРАСЫ

Бал арасы – еңбексүйгіштіктің, жауапкершіліктің, рухани тазалықтың белгісі. Егер қызметтік баспалдақпен жоғары өрлегісі келсе, ара бейнеленген әшекейді сатып алып, оны үнемі тағып жүретін болса, мақсатына жетеді деген сенім де бар.

Египетте бал арасы жанқиярлықтың, табандылықтың белгісі деп саналады. Өзіне сенімсіз жандарға бал арасы пішініндегі әшекей бұйымдар тағып жүру көмектеседі.

Өйткені бал арасы күн сайын жалықпастан әр түрлі гүлдерден шырын жинайды. Қай гүлден көп, қайсы гүлден аз бал топтайтынын да жақсы біледі. Адам да дәл солай, тынбай еңбектене берсе, тәжірибе жинап, істің көзін таба алады.

Ара түріндегі сырға, кулон немесе жүзік, білезік секілді бұйымдар маңызды кездесу алдындағы қобалжумен күресуге көмектеседі.


фото:Pinterest

ЖЫЛАН

Жылан түріндегі әшекейлерді ұнататындар да бар. Бұл даналық пен сарқылмас күштің, шексіздіктің белгісі. Атауының өзі суық естілетін бұл жәндік терісін жаңартып тұрады. Сондықтан, жаңару, қалыпқа келу, қандай да бір сырқаттан немесе нашар көңіл-күйден айығуды қаласаңыз, жылан бейнесіндегі әшекей бұйымдарын тағыңыз.

Жыланда әйелдерге тән сезімталдық, қулық, тосынсый, жұмбақ сырларға толы қасиеттер бар. Кейбіреулердің әйелдерді жыланға теңеуі де негізсіз емес. Мұндай бұйымды өзіне сенімді әйелдер ғана таңдайды.


ӨРМЕКШІ
Өрмекші – байлықтың, сәттіліктің белгісі. Кейбір елдерде өрмекшіні өлтірмейді. Өрмекші өзі құрған өрмегі арқылы жерге түсіп келе жатса ырыс келеді, тағдырдың сыйына бөленеміз деп тосқауыл болмайды.

Ал әшекейге бейнеленген өрмекшінің тағы бір мағынасы бар. Қыз-келіншектер «торыма түскен адам шырмалып шыға алмай қалады» деген түсінікпен, махаббатты бекемдеу үшін өрмекші түріндегі аксессуарларды тағады.


фото: diamant-online.ru

ҚҰСТАР

Құс бейнесіндегі (мысалы, көгершін, аққу, тырна, бүркіт) әшекейлердің де айтары бар.

Жалпы құстар еркіндік пен тазалықтың, үйлесімділіктің, арман мен үміттің символы. Құс бейнесіндегі әшекей бұйымдар әйелдерді нәзік әрі қылықты көрсетіп, романтикалық көңіл-күй сыйлайды. Мұндай бұйымдарды көбінесе басы бос қыз-келіншектер таңдайды.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


БОТОКС нәтижесін беретін коллагенге бай маска

ЖАС әрі СҰЛУ көрінудің 6 ЕРЕЖЕСІ