Шымкентте қысқы маусымға дайындық кезекті рет пысықталды

0
739

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаҺардағы тиісті мекемелердің қыс мезгіліне дайындығымен танысты.


Шымкентте қысқы маусымға дайындық кезекті рет пысықталды

Синоптиктер алдағы күндері Шымкентте күн суытады деген болжам жасауда. Қыс маусымында оқиғалардың алдын алу мақсатында қаладағы коммуналдық қызмет пен төтеншеліктердің қыс маусымына дайындығы кезекті рет пысықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаҺардағы тиісті мекемелердің қыс мезгіліне дайындығымен танысты. Авариялық құтқару және коммуналдық-техникалық қамтамасыз ету қызметтерінің қаз-қатар тізілген арнайы техникалары жолдарды қардан тазалап, көк тайғақ кезеңде қажетті инертті материалдар себуге сақадай сай.

- Алдымызда қыс. Өзім көріп шықтым техниканың басым бөлігі жаңартылған. Барлығы бақылауда болуы тиіс,- деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшылығының мәліметіне жүгінсек, көшелерді қардан тазалау мен көшелерге құм себу жұмыстарына 182 техника, 670 жеке құрам дайындыққа келтірілген. Көк тайғаққа қарсы инертті материалдардың қоры 17 мың куб құм, 5 мың тонна тұзды құрайды.

- Қыс мезгілінде 32 бағытта ұзындығы 1 мыңнан астам шақырымды алып жатқан 299 көшеде жұмыстар жүргізіледі, - деді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев.

Қалалықтарды жылумен қамтушы мекемедегілер тұрғындар толығымен жылумен қамтылды деп сендірді. Айтуларынша, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көпқабатты үйлер, бюджеттік және коммерциялық нысандарда сығымдау жұмыстары жүргізіліп, бүгінде жылу қабылдауда.

- Айта кетейік, «Қазигдромет» синоптиктерінің болжауынша, 17-19 қараша күндері еліміздің бірқатар аймағында күн суытып, кейбір өңірлерде 18-26 градус аяз болады. Шымкенте те алдағы күндері күн күрт суиды деп болжануда. Сонымен қатар 18 қарашада күннің екінші жартысы мен 19-шы қарашада қар жауады деп күтілуде, - дейді Қуатжылуорталық-3» МКК бас директоры Пердебай Сәбитов.