ЕGeO-2023: Шымкенттік оқушылар олимпиададан жүлделі оралды

0
472

Енді жеңімпаз оқушылар ел намысын IGeo-2023 халықаралық олимпиадасында 2023 жылдың тамыз айында қорғайды.


ЕGeO-2023: Шымкенттік оқушылар олимпиададан жүлделі оралды

ЕGeO-2023 Еуропалық географиялық олимпиадасынан Шымкент оқушылары жүлдемен қайтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

География пәні бойынша өткен еуропалық олимпиадада химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Серікбай Қанат күміс медаль, Сыдыков Арсен қола медаль иегері атанды. Бастапқыда Балқан олимпиадасы деп аталған Еуропалық географиялық олимпиада 12 мен 19 жас аралығындағы мектеп оқушыларының жыл сайынғы жарысы. Еуропалық географиялық олимпиада 2023 жылдың 24-30 маусымы аралығында Белград қаласында өтіп, 9 елден 98 қатысушыларды біріктірді. Арсен мен Қанат география пәнінен республикалық, желілік олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары, сондай-ақ мектепте озат зияткерлер. Енді жеңімпаз оқушылар ел намысын IGeo-2023 халықаралық олимпиадасында 2023 жылдың тамыз айында қорғайды.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 29-30 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласында World Robot Olympiad аясында робототехника бойынша республикалық чемпионат өткен болатын. WRO-2022 чемпионаты «Менің роботым – менің досым» атауымен роботтарға арналды. Өңірлік жарыстардың нәтижелері бойынша №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатынан ұлттық чемпионатқа 9 "Б" сынып оқушысы Тойлыбаев Олжас мен 8 "Ә" сынып оқушысы Қаныбек Әмина қатысып, өз бақтарын сынаған болатын.

Нәтижесінде жас зияткерлер World Robot Olympiad аясында робототехника бойынша республикалық чемпионаттың жүлделі І орын иегерлері атанды. Олар Robosport санаты бойынша жарысқа түсті.

Сондай-ақ, Шымкенттік оқушылар Халықаралық IT-стартаптар технопаркі ұйымдастырған Demo Day алаңында да жеңімпаз атанды. Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектепте «Caspian Startup-2022» халықаралық стартаптар байқауы өткізілді. 2022 жылы дәстүрлі байқауға Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстаннан 120-дан астам жоба келіп түскен. Олардың барлығы табысты стартаптарды құру және ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған. Сондай-ақ бұл жылы алғаш рет «Caspian Startup-2022» байқауымен қатар, Зияткерлік мектептер мен Халықаралық IT-стартаптар технопаркі ұйымдастырған жаңа жобасының қатысушыларын біріктіретін Demo Day шарасы өтті. Одан алдын үш ай бойы NIS оқушылары Astana HUB-та онлайн оқудан өтіп, тәлімгерлермен бірлесіп өз жобаларын әзірлеген болатын.