​«"Адам саудасы" оңай емес екен»: Роза Әлқожа ұлына қыз айттырып барды

0
5 483

Әншінің ұлы гүлді алдымен өз анасына сыйлады


​«

Танымал әнші Роза Әлқожа үлкен ұлы Бейбарыс Қабаны үйлендіріп жатыр. Әншінің әулеті Әсем атты аруға құда түсіп барды.


«Армысыздар?! Дулат еліне қыз айттырып келіп қалдық. Талай тойда, жақсылықта жүрген соң адамда тәжірибе көбейіп, ой түйеді екен.


Баяғыда бауырыма келін айттырып барғанда марқұм құдағи «Шырағым, бұл адам саудасы, оңай емес» деген. Сол сөз есіме түсе береді. Төрт келін айттырып, ұзатып алып келіппін. Енді өзіме келін алатын кезде қай жағынан болса да жолдан жығылмай, кемшілік жібермей барсақ дедім. Оған бір-екі әулет емес, бар қазақ атсалысып жатыр. Әрқайсысы атағанын беріп, қасымнан табылып, Қазақияның әр бұрышында қоржын тігіліп, мал сойылып, бірге қуанып жатыр. Аллаға сансыз шүкір, бар жанашырыма рахмет айтқым келеді! Сіздердің арқаларыңызда жоғым табылып, кемім бүтінделді!


Жалпы, жоққа амал жоқ. Бар болса - қыздың кәдесін жасап, өзіңнің сән-салтанатың келісіп тұрғанына не жетсін?! Себебі, құт - қыздың қадамында, келіннің аяғында. Өлі-тірі аруағын разы етіп, өз адамың ету - батамен келер аталы үрдіс. Бұл - талай сынақтардан сау өткен, тәңір тірі қалдырып тіршілік еткізген пенденің тәубе етіп, тойға жеткеніне шүкір айтуы да», - деп жазды Роза Әлқожа.


Құдалық тойдың үстінде Роза Әлқожа құдаларына арнап шығарған өлеңін оқып берді. Тілек үстінде ұлына өлең арнады. Ал қыздың ұзату тойында сиясы кеппеген «Ақ келін» атты жаңа туындысын тарту етті.


«Осы той болады деген күннен бастап уайым, қорқыныш, қуаныш, бәрі араласып, күн сайын өлең боп төгіле берді. Концертке дайындық, жаңа әндерді жаздыру, киіт алу, алтын қарау деген жұмыстармен бірге түскен жолдарды жазып та үлгердім.


«Тәңірдің таңдайға берген тартуы» деп құрбыларыма айтып беріп ем, жақсы ән деп, айтуымды құптады. Өңдеп үлгермеген жаңа ән бұл. Баламдай бол, ақ келін!» деді әнші өзінің «Инстаграм» парақшасында.


Айта кетейік, Роза Әлқожаның ұлының құдалығына өнердегі бірқатар әріптестері, белгілі актер Бекжан Тұрыс, ақын Асылзат Арыстанбек, блогер Ырысбала Икрамбай барған. Әнші құда боп барған әулеттің әрбір мүшесіне алтын әшекейлер, отандыз дизайнерлердің сырт киімдерін тарту етті. Бір ерекшелігі, Розаның ұлы ұзату тойына үш букетпен кірді. Алғашқы гүлді өзінің анасы Роза Әлқожаға, екіншісін болашақ қайын енесіне, үшіншісін қалыңдығына сыйлады.