Жайық өзеніндегі су деңгейі Оралда бір тәулікте 13 сантиметрге көтерілді

0
388

Бәйтерек ауданы Январцев гидробекетінде 1 сантиметрге (802 см) түскенімен, қауіп сейілген жоқ.


Жайық өзеніндегі су деңгейі Оралда бір тәулікте 13 сантиметрге көтерілді

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп келеді.«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 15 сәуір күнгі таңғы сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша өзен деңгейі Орал қаласы тұсында бір тәулікте 13 сантиметрге жоғарылап, 768 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті, деп жазады inform.kz.

Бәйтерек ауданы Январцев гидробекетінде 1 сантиметрге (802 см) түскенімен, қауіп сейілген жоқ. Есесіне Көшім ауылында 751 (+12), Тайпақта 459 (+11) сантиметрді көрсетті.

Көшім каналында су деңгейі 820 сантиметрге (+13) жетіп, қауіпті шектен 20 сантиметрге асып кетті.

БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, Орынбордан келе жатқан үлкен судың алдыңғы легі бүгін кешке не түнде облыс шекарасына, Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы тұсына жетеді.
«Жайық өзені бойында орналасқан 84 елді мекен мен Орал қаласында бөгеттерді бекіту жұмыстары біте келді. Қазіргі кезде бөгеттердің ені ұлғайтылып, биіктігі көтерілуде», деді Қ.Айтмұхамбетов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты Орал қаласының барлық мектептері онлайн оқытуға көшетінін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Ораалда үйі суға кеткен тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ түрді.

Еділ Жаңбыршин су тасқыны кезінде бәріне де дайын болуы керектігін айтты.