Қамауға алудың орнына айыппұл салу қажет – депутат

0
280

Денсаулыққа зиян келтірмейтін жазатайым оқиға үшін енді жүргізуші көлік жүргізу куәлігінен айырылмайды.


Қамауға алудың орнына айыппұл салу қажет – депутат

ERNUR.KZ. Кейбір әкімшілік құқық бұзушылық үшін бұрын қамауға алу жазасы тағайындалса, енді олар айыппұлмен алмастырылады. Мәжілістің жалпы отырысында бұл туралы депутат Сергей Пономарев мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.


«Белгілі бір құқық бұзушылықтар, атап айтқанда, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы заңсыз мәмілелерді тіркегені және клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібін бұзғаны үшін қамауға алу айыппұлмен алмастырылады»,- деді Пономарев.


Сондай-ақ, денсаулыққа зиян келтірмейтін жазатайым оқиға үшін жүргізуші көлік жүргізу куәлігінен айырылмайды. Сонымен қатар құқық бұзушылықтың саралануын тек құқық бұзушының жағдайын жақсарту бағытында өзгерту, құқық бұзушылықтарды соттан мемлекеттік органдардың құзыретіне беру бойынша жұмысты жалғастыру қарастырылған.


Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне мақұлданған өзгерістер аясында Президент жанындағы Құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау жөніндегі комиссия әзірлеген және Мемлекет басшысы мақұлдаған түзетулер осылайша іске асып жатыр.


Айта кетерлігі, Мәжіліс жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар:


– Экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы;
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы;
– «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер;
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы;
– Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы;
– Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Қазақстан мен Ресейдің біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы.