Елімізде 10 мың студенттің басында несиесі бар

0
417

Оның ішінде 4,7 мың студент өз берешегін өтей алмай жүр.


Елімізде 10 мың студенттің басында несиесі бар

ERNUR.KZ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасұлының айтуынша, студенттерге несие беруді қысқартатын не бақылайтын заң жобасында арнайы норма жоқ, деп жазады inbusiness.kz.

Мәжілісте несие берудегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасының таныстырылымы өтті. Оның барысында депутат Асхат Аймағамбетов көшедегі ақшаматтар, жалпы несиенің тым қолжетімділігі мәселесін көтерді.

"Ақшаматтар мәселесіне тоқталар едім. Көшеде кетіп бара жатсаң, 5 минутта ақша беретін құрылғыларға көзің шалады. Әсіресе, сол ақшаматтардың құрығына студенттер ілінуде. Несие берудегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы осы мәселені шеше ме?" — деп сұрақ қойды депутат.

Оған жауап ретінде Нұрлан Алмасұлы жаңа заң жобасында бұл мәселені реттейтін ешқандай норманың жоғын жасырмады.

"Студенттерге қатысты айтар болсақ, қазіргі таңда 21 жасқа толмаған 10 мыңға жуық жастың басында несиесі бар, олардың қатарында студенттер көп. Оның ішінде 4,7 мың студенттің несиесі уақытылы төленбей, проблемаға айналған. Бұл бағытта заң жобасында нақты нормалар жоқ, алайда біздің агенттік атынан ресми кірістер негізінде жастардың несие төлей алу мүмкіндігін тексеру бойынша арнайы ұсыныстар беріліп жатыр, яғни студентке несие бермес бұрын оның шәкіртақысы не жалақысы қарастырылуы керек", — деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары.