ЕҢ ЖАҚСЫ ФИТНЕС: Бимен айналысуға УАҚЫТ БӨЛІҢІЗ

0
759

Билеудің пайдасы сіз ойлағаннан да өте көп.


ЕҢ ЖАҚСЫ ФИТНЕС: Бимен айналысуға УАҚЫТ БӨЛІҢІЗ

Би – өнер ғана емес, ол – спорт, өмір салты. Икемділікті, тепе-теңдік сезімін және жақсы үйлестіруді талап ететін тамаша кардио. Бүгінде фитнес пен түрлі стильдегі билерді біріктіре отырып жаттығулар кешенін жасап сол бойынша жаттықтыратын орталықтар баршылық. «Бимен тек бишілер немесе мамандығы бимен тығыз байланысты адамдар ғана айналысуы керек, маған онда барудың қажеті жоқ» деп ойласаңыз қателесесіз. Билеу – бәріне керек.

Би – қызық, ықыласпен ден қойсаң, еліктіріп әкететін, өзгеше әлемге түсіретін әрекет. Жасқа да, кәріге де әсері бірдей.


  • Билеу есте сақтау, назар аудару, зейінді шоғырландыру, сындарлы ойлау қабілеттерін дамытады. Бұлшықеттерді шынықтырады, иілімділігін, ағзаның төзімділігін арттырады.


  • Би вестибулярлы аппарат жұмысын, қозғалыс координациясын жақсартады. Билеу арқылы ырғақты сезіну, ритмге түсу қабілеті дамиды. Би кезінде буындар жақсы майланады, бұл артриттің алдын алады.


  • Билеу арықтауға және дене мүсінінің әдемі болып қалыптасуына көмегін тигізеді. Бимен айналысу арқылы адамның кербездік, әсемдік, әдемі қозғалу дағдысы қалыптасады. Арқа мен жалпы дене мүсіннің сақтау жолында тамаша профилактикалық тәсіл болады. Сондай-ақ, бидің табан құрылымының дұрыс қалыптасуына ықпалы зор.


  • Би ағзамызға липидтерді басқаруға көмектеседі. Нәтижесінде қандағы «жақсы» холестериннің деңгейі жоғарылайды және «жаман» холестериннің мөлшері азаяды. Бұл қызмет түрі қант диабетіне де пайдалы болады, өйткені ол қандағы қант деңгейін бақылауға көмектеседі.

  • Билеу психологиялық және физиологиялық тұрғыдан босаңсуға көмектеседі. Биден кейін жаман ойлар, мидағы қоқыстар жан-жаққа шашылып кеткендей, тазарып қаласыз. Сонымен қатар, қысылып қалған бұлшықеттер босаңсиды. Бір орында қозғалыссыз отырғанның салдарынан болған дененің ұйып қалуын жазады, шаршауды басады.


  • Би өзін-өзі тәртіпке салу, қадағалау дағдыларын қалыптастырады, салауатты өмір салтын ұстануға оңай дағдыландырады. Билеу арқылы бойыңдағы бәсекелестік рухын көтеріп, күресуге ынталануды, жеңіске жетуге дағдылануды немесе жеңілісті лайықты көрете білуді үйренуге болады.


  • Билеуді жақсы көретін адамдармен араласу арқылы жаңа достар тауып, көзқарастары ортақ жаңа орта құра аласыз. Топпен билеу ауызбіршілікке, ұйымдасып жұмыс істеуге үйретеді. Би көңіл-күйдің көтеріңкі болуына ықпал ететін серотонин гормонының көбірек бөлінуіне ықпал етеді. Сол себептен оны депрессия мен алаңдаушылықты емдейтін құрал деп санауға болады.


Би сабақтарына баратын қарт адамдардың физикалық жағдайы стандартты денсаулық сақтау бағдарламасын ұстанатындарға қарағанда үш есе жақсы болатыны дәлелденген. Зерттеуге 65 жастағы елу жеті қатысушы алынды. Олардың кейбіреулері аптасына екі рет (сағаттық сабақтар) 4 ай бойы би бағдарламасын (сальса, бачата, меренге, т.б.) оқыды. Қалғандары зейнеткерлерге арналған қалыпты дене шынықтыру бағдарламасын аяқтады. Тәжірибе соңында сынақтар жүргізіліп, нәтижесінде би тобы физикалық дайындығы бойынша әдеттегі жаттығу бағдарламасымен қарсыластарынан басым түскені анықталды.

Міне, бимен ұдайы айналыссаңыз осындай көп пайдаға кенелесіз. Көңіл-күйіңіз көтеріңкі, деніңіз сау, жарқын күн кешетін боласыз. Артық салмақ, депрессия мен апатия маңыңызға жолай алмайды.

Дайындаған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ҚАРАПАЙЫМ жаттығу: АРҚАҢЫЗ АУЫРА БЕРЕ МЕ?