Түркістанда карьерлерді заңсыз қолданушыларға қарсы күрес күшейді

0
204

Мәжілісте кәсіпкерлерге ауыр көліктің салмағын өлшейтін таразы болуға міндеттейтін талап қою мәселесі көтерілді.


Түркістанда карьерлерді заңсыз қолданушыларға қарсы күрес күшейді

Түркістан облысында заң бұзушыларды анықтау және көлеңкелі жер қойнауын пайдалану фактілерінің жолын кесу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар қатары азаймай отыр. Өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып, сатып жүргендер қоршаған ортаға залал келтіруде. Түркістан облысында заң бұзушыларды анықтау және көлеңкелі жер қойнауын пайдалану фактілерінің жолын кесу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өтетін мәжілісте облыс әкіміне жер қойнауын заңсыз пайдалану, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқа мақсатта пайдалану және өзге де маңызды мәселелер баяндалды. Мәжілісте кәсіпкерлерге ауыр көліктің салмағын өлшейтін таразы болуға міндеттейтін талап қою мәселесі көтерілді.


“Заңды жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге қарсылық жоқ. Алайда заңды белшеден басып жатқандарқа қарсы күресті күшейту керек. Өзіміз өзімізге кедергі жасамайық. Барлық жауапты басшылар отырсыздар. Бірақ нәтиже шамалы. Осының өзі жұмыстағы шалалықты көрсетеді. Бірлесе жұмыс істейік”, – деді облыс әкімі.


Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 191 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 107 лицензия негізінде жұмыс істейді. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 16 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары тоқтатылды.


Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың мәлімдеуінше, заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу шаралары нәтижесінде жұмысы тоқтағандар тарапынан жолын кескен әкімдік өкілдеріне шағым жазушылар артқан. Облыс аумағында бір жылда өткізілген 400-ден астам рейд жұмыстарының қорытындысымен өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып сатып жүрген 276 техника айыптұраққа қойылып, 31,8 млн. теңге айыппұл өндірілді.


“Өткен жылы маркшейдер маманымен облыстағы 100 жер қойнауын пайдаланушының өндіру аумақтарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 63 кен аумағынан кемшілік анықталып, жалпы 5 млн. текше метр өнім кен орындары аумағынан тыс қазылғаны белгілі болды. Дегенмен Полиция департаменті тарапынан 12 қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күнге дейін аталған істер бойынша сараптама күтілуде деп созбалаңға салынып отыр. Алгоритмге сәйкес жұмыс тобымен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жетісай ауданындағы жер учаскесінде «Жұмағұл» шаруа қожалығы тарапынан 2 жерден заңсыз құм қазу жұмыстары жүргізілгені анықталды. Аталған аумаққа маркшейдер маманымен топотүсірілімдік жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 7500 текше метр заңсыз құм қазылғаны анықталды. Келтірілген шығын көлемі маркшейдер маманы есебімен 31 млн. теңгені құрады. Басқарма тарапынан маркшейдер маманының түзілген қорытынды актілері Полиция департаментіне жолданып, ҚР Қылмыстық Кодекстің 334 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – деді басқарма басшысы.


Мәжілісте заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу мақсатында бірлесіп жұмыстар атқару ұсынысы айтылды. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өз тарапынан берілген келісімшарттарды және теңгеріміндегі су айдындары мен каналдары аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу жұмыстарын қадағалауды, Экология департаменті, өнеркәсіптік қауіпсіздікке жауапты департаменттері өздеріне түскен кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия алуға арналған жобаларды келіскен кезде, жергілікті атқарушы органды хабарландыруды заң аясында қарастыру мәселесі көтерілді. Сонымен қатар Жер инспекциясы және жер қатынастар басқармасы, аудан, қала әкімдіктеріне өз құзіреті шегінде қатты пайдалы қазбалар, кең таралған пайдалы қазбаларды қазу жұмысын жүргізіп жатқан кен орындарының жер телімдерінің рәсімделгені немесе рәсімделмегені туралы талдау жүргізіп, заң аясында шаралар қолдану ұсынылды.

Бөлісу