​ТҮРКІСТАН: Шардарада күріш ору науқаны басталды

0
2 538

Өткен жылы 1115 гектарға күрiш еккен шардаралықтар биыл күріштік алқапты 1350 гектарға жеткізіп отыр.


​ТҮРКІСТАН: Шардарада күріш ору науқаны басталды

Шардаралық диқандар биылғы жылы гектарынан 71,2 центнерден өнім алып, 9612 тонна күріш жинауды жоспарлап отыр деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Күріш ору науқанын алғашқылардың бiрi болып Ұзыната ауылындағы «Айткүл – Атақоныс» фермерлiк қожалығы биыл 40 гектар жерге күріш дақылын еккен. Оның 17 гектары жоғары элиталы «Лазер» тұқымы болса, қалғаны «Мустахиллик» сорты.
«Былтыр «Лазер» тұқымын 1,5 гектарға егiп, өсiрген едiм. Сол алқаптың өнiмiн сатпастан, көбейтiп, биыл 17 гектарға сеуiп шықтым. Түсiм жаман емес. Кемi гектарына 70 центнерден айналады деп шамалап отырмын. Бұл күрiш базар нарығында өзге сорттарға қарағанда екi-үш есе жоғары бағаланады. Элиталы тұқымның көлемiн осылайша жайлап көбейтiп алуды жоспарлап отырмын» деген «Айткүл - Атақоныс» фермерлік қожалығының төрағасы Рахымберді Айтмырзаев күріш егілген жерге келесі жылы шырмауық, сәмек, қамыс және жантақ сынды шөптердің шықпайтынын, ауыспалы егістің сақталып, жердің сорланбайтынын айтады. Күріш егілген алқапқа келесі жылы бидай, жоңышқа сынды дақылдар егілсе жылдағыдан екі есе артық өнім береді екен.
Кеңестік дәуірде ақ маржанмен аты шыққан Ұзынаталықтар күрiштiң салысын көршi ауылдағы Ержан Қарабаевтың диірменіне тартқызып, сол азаматтың көмегімен шет елге экспорттайды екен. Қалғаны жергілікті тұрғындардан артылмайтын көрінеді.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмi басшысының орынбасары Абылай Махановтың мәліметінше шардаралық шаруалар 2017 жылы 896 гектарға, 2018 жылы 1115 гектарға күрiш ексе, биыл 1350 гектар алқапқа күріш тұқымын сепкен. Өнiмдiлiк көлемi былтыр гектарына 71,1 центнерден айналып, қырманға 7930 тонна таза күрiш жиналса, биыл гектарына 71,2 центнерден өнім алып, 9612 тонна ақталған күрiш жинауды жоспарлап отыр.