ТҮРКІСТАН: «Серпін» түлектерінің 90 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады

0
312

Түлектерге Солтүстік, Шығыс немесе Батыс Қазақстан облыстарының бір жоғары оқу орнын таңдау беріледі.


ТҮРКІСТАН: «Серпін» түлектерінің 90 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады

«Серпін» бағдарламасымен оқуға түскендердің 90 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 2022-2023 оқу жылында 30 мыңға жуық 11 сынып оқушысы мектеп бітірді. Оның 983-і «Серпін» бағдарламасына оқуға түсіп, бүгінде білім алып жатыр. Түркістан облысы жастарының үлесі - 2018 жылы жалпы берілген 5 мың гранттың 67,3%-ын, 2019 жылы 5100 гранттың 45%-ын құрады. 2020 жылы 5100 квотаның 2 100-ін Түркістан облысының жастары иеленді. 2021 жылы 5 600 грантқа 979 түркістандық студент университетке қабылданған. Ал 2022 жылы қаралған 3 600 грантқа 1 мыңға жуық оқушы, 2023 жылы 3 653 квота беріліп, өңірдің 983 мектеп түлегі «Серпін» бағдарламасының қатысушысы атанған.


Түркістандық студенттердің жағдайымен танысу үшін мамандардан құрылған арнайы топ жуырда Солтүстік өңірлерге аттанды. Алдағы уақытта бір апта көлемінде Қарағанды, Көкшетау, Павлодар қалаларындағы 8 университетке барып, кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Жұмысшы топ Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде болып, білім ордасының оқу бағдарламасы және жатақхана жағдайымен танысып үлгерді.


Жалпы бағдарламаның ерекшелігі - мектепті тәмамдаған түлектерге Солтүстік, Шығыс немесе Батыс Қазақстан облыстарының бір жоғары оқу орнын таңдау беріледі. Сондай-ақ, олар оқуды аяқтаған соң тұрақты жұмысқа орналаса алады. Талдау барысы көрсеткендей, серпіндіктердің 70-90 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады.