ТҮРКІСТАН: Оңтүстік аудандарда атқарылған істер баяндалды

0
1 081

Депутаттар аймақтардағы қордаланған мәселелерді шешуге белсене кіріскен.


ТҮРКІСТАН: Оңтүстік аудандарда атқарылған істер баяндалды

Мақтарал және Жетісай аудандық мәслихатының төрағалары журналистермен жүздесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының алаңында өткен бүгінгі брифингте Мақтарал аудандық мәслихат төрағасы Қадыр Тұранұлы Сәрсекбаев пен Жетісай аудандық мәслихат төрағасы Медет Алмасбекұлы Қасымов халықтың сеніміне ие болған аймақтарда партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша есеп берді. Спикерлер жергілікті жердегі өкілді мемлекеттік органдардың халықтың сұранысына сай іс-қимылын баяндап, өзекті деп табылатын мәселелерді шешудегі ықпалы жөнінде журналистерді хабардар етті.


Сөз тізгінін алған Мақтарал аудандық мәслихат төрағасы Қадір Сәрсекбаев 130 мың адамға жуық халық тұратын ауданның мәслихат депутаттары ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелерді шешуге белсене кіріскенін жеткізді. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттар мәслихат құрылымындағы 3 тұрақты комиссияның құрамына еніп, әр сала бойынша айқындалған өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуін назарға алған.


Биыл мәслихаттың 6 сессиясы өтіп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 52 шешім қабылданған. Сессия отырысында қаралған маңызды мәселенің бірі – аудан бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бастамасы болған. Депутаттардың сүзгісінен өткен аудан бюджеті 14 млрд 759 млн.теңге көлемінде бекітіліп, оның 34,2% - әлеуметтік салаға, 23% - тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, энергетика саласына, 10,2% - көлік және коммуникация саласына, 32,6% - басқа да салаларға бағытталған.


Тұрақты комиссиялардың отырыстарында аудандық және ауылдық округтердің бюджеттерін нақтылау, аудан әкімдігі жанындағы ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамдарына өзгерістер енгізу, ауданның әкімшілік аумақтық құрылысы және жергілікті атқарушы органдардың есептерін тыңдау туралы мәселелер қаралған. Депутаттық корпус тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 41 депутаттық сауал жолданып, оның 36-сы орындалған, кейбір өзекті тақырыптар бойынша түсініктеме берілген. Депутаттар жолдаған сауалдардың 44 пайызы ағын су, жол, абаттандыру, газ, электр энергиясы мәселелеріне арналса, 29 пайызы – жер қатынастары саласына, 12 пайызы – құқық қорғау саласына қатысты болған. Байланыс сапасын арттыру және құрылыс саласына қатысты барлығы 6 депутаттық сауал жолданып, орындалуы мәслихат бақылауына алынған.


Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов ауданның депутаттық корпусы 22 азаматтан жасақталғанын, оның 19 адамы - «AMANAT» партиясының фракциясы құрайтынын айтты.


Сегізінші шақырылымда аудандық мәслихаттың 9 сессиясы өткізіліп, 58 мәселе қаралғанын жеткізді. Сессияларда аудандық бюджетті қалыптастыру және оның орындалуы, дербес бөлім басшыларының және кент, ауылдық округ әкімдерінің атқарған жұмыстарының есебі, аудандағы қылмыстың алдын алу, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы жұмыс барысы, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі аудан әкімінің есебі туралы мәселелер қаралып, қаралып, тиісті шешімдер қабылданғанын мәлімдеді.


Тұрақты комиссиялардың 10-ға жуық отырысы өтіп, білім беру, жұмыссыздықпен күрес, қаржы, денсаулық сақтау, салық саясаты, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы салалары бойынша күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралған. Депутаттық фракцияның 4 отырысы өткізіліп, партияның Жол картасының орындалуы бойынша жауапты он лауазымды тұлғаның есептері тыңдалып, шешімдер қабылданғанын жария етті. Ауданның депутаттары аймақтың өзекті мәселелеріне қатысты 101 депутаттық сауал жолдап, олардың орындалуын мәслихат назарда ұстағанын жеткізді.


Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерлерге мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелер бойынша сауалдар қойып, жауаптар алды.