ТҮРКІСТАН: Өңірдегі тозығы жеткен білім ошақтарын толық тексеру тапсырылды

0
842

Түркістандағы 7 мектеп ескірген.


ТҮРКІСТАН: Өңірдегі тозығы жеткен білім ошақтарын толық тексеру тапсырылды

Дархан Сатыбалды жөндеуді қажет ететін білім ошақтарында болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары өңір. Өңірде мың мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың 121-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Түркістан қаласының аумағында 42 мың оқушыны қамтитын 34 мектеп бар. 7 мектеп ескірген.


Солардың бірінде болған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды №7 С.Ерубаев мектеп - интернатының жай-күйімен танысты. Күрделі жөндеуді қажет ететін 500 орындық мектеп 1976 жылы салынған. Білім ұясының 420 орындық жатақханасы бар. 2000 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Содан бері жөндеу көрмеген. Мектептің ішкі сылағы түсіп, инженерлік жүйелері тозған.


Өңірдегі білім ордаларын күрделі жөндеуден өткізу уақыт күттірмейтін іс. Ол үшін қомақты қаражат керек. Өңір сала басшыларының жауаптарын тыңдап, оларға проблемалық мектептер туралы барлық ақпаратты ұсынуды тапсырды.


«Балаларымызға қолайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Өңірдегі тозығы жеткен білім ошақтарын толық тексеріп, қысқа мерзімде ұсыныс беруді тапсырамын», - деді Дархан Сатыбалды.


Күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандар арасында балабақшалар да бар. Облыс әкімі «Айгөлек» балабақшасының жай-күйімен танысты. Ескі ғимарат соңғы 15 жылдан бері жөндеу көрмеген. Бақша ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Балабақша жөндеуден өтуі тиіс.


Түркістан облысында білім беру саласында 2 381 ұйым қызмет көрсетеді. 1 381 мектепке дейінгі ұйымдарда 150 мың бала тәрбиеленуде.