ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтті

0
438

Спорт – денсаулық кепілі. Спортты жанына серік еткен адам ғана қоғамның толыққанды белсенді мүшесі бола алады.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтті

Жетісай ауданында аудан әкімдігінің бастамасымен жылдағы дәстүр бойынша мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакиада болып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Елімізде 2014-жылы бастау алған 23-маусым мемлекеттік қызметкерлердің төл мерекесі күніне Жетісай ауданында аудан әкімдігінің бастамасымен жылдағы дәстүр бойынша мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакиада болып өтті.


Аудан әкімдігінің назарынан тыс қалмайтын салауатты өмір салтын қалыптастыру, кеңінен насихаттау мәселелері бүгінде мемлекеттік қызметкерлер арасында да жүйелі жүргізілуде. Биылғы жылы да мемлекеттік қызметкерлер күніне орай «Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет» ұранымен Жетісай қаласындағы «Қ.Мұңайтпасов» атындағы орталық стадионда өткізілген спорттық сайыс осының бір дәлелі. Ауданға қарасты қала, кент, ауылдық округтерден құрылған 10 командада 200-ге тарта мемлекеттік қызметкер қатысқан сайысқа келген әрбір қатысушының дайындықтары ойдағыдай екендігі жарыс бастала салысымен белгілі болды. Айтулы сайыстың ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов пен аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов қатысушыларға сәттілік тілеп, төл мерекелерімен құттықтады.


«Бұл жай ғана өткізе салатын ойын емес, бұл – мемлекеттік қызметкерлер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын, таныс арттыратын, керек болса тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік беретін спорттық дода. Бұл – мемлекеттік қызметкерлердің тек қағазбастылықпен, іс-құжаттармен ғана емес спортпен жүйелі шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатындықтарын дәлелдейтін үлкен аламан», - дейді Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы Әлихан Утанов.


Өз кезегінде жас мамандардың еңбекке деген талпыныстарын арттыру үшін әртүрлі деңгейдегі спорт сайыстарына қатысып, қимыл-қозғалыстың өмірге деген құлшыныстарын арттыратынын айқындайтын спартакиадада спорттың кіші футбол, арқан тартыс, қол күресі сынды түрлерінен өзара мықтылар анықталды. Тағы бір айта кетерлік ерекшелік тартысты өткен жарыста жасыл алаңға шыққан аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов, аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов пен Асықата кентінің әкімі Бақыт Серіковтер жас мамандарға әдемі ойын өрнегін көрсетіп, спорт пен еңбектің егіз екендігіне көздерін жеткізді.


Тартысты өткен сайыс соңында кіші футболдан өздерінің ептіліктерін танытып, қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан аудан әкімі аппараты мен аудандық мәслихат, Жетісай қаласы әкімінің аппараты қызметкерлерінен құралған команда ІІІ орынға табан тіресе, Асықата кенті мен Ынтымақ ауылдық округінің құрамасы ІІ орынды иеленді. Ал, жүлделі І орынды Атамекен және Ералиев ауылдық округтерінің теңбіл доп шеберлері қанжығаларына байлады.


Сонымен қатар, арқан тартыс, қол күресі сынды ойындардың да мықтылары анықталып, жеңімпаз командалар мен жекелеген ойыншылар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.