ТҮРКІСТАН: Дархан Сатыбалды шардаралық тұрғындар үшін бірыңғай жеке қабылдау өткізді

0
858

Тұрғындарды қабылдап, өтініштерін тікелей тыңдау мәселені жылдам шешуге жол ашады.


ТҮРКІСТАН: Дархан Сатыбалды шардаралық тұрғындар үшін бірыңғай жеке қабылдау өткізді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданы тұрғындарының мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен аймақтағы құқық қорғау мекемелері мен департаменттердің басшылық құрамы, басқарма басшылары Шардараға арнайы барып, тұрғындар үшін бірыңғай жеке қабылдау өткізді. Әрбір тұрғын басшылармен тікелей тілдесіп, мәселені шешуге мүмкіндік алды.


«Бүгін Шардараға сіздермен жүздесіп, өтініштеріңізді тыңдау үшін арнайы келдік. Департаменттер, басқармалар мен құқық қорғау мекемелерінің басшылық құрамы да осында. Ойларыңызды еркін айтып, мәселені талқылауға болады. Өтініштердің бәрі бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес қоғамен байланысты нығайту жұмыстары жалғасады», – деді Дархан Сатыбалды.


Шардарадағы бірыңғай қабылдауда тұрғындар тарапынан инфрақұрылымды жақсарту, электр жарығы, жер, әлеуметтік қолдау және өзге де түйткілдер бойынша өтініштерін айтты. Облыс әкіміне, түрлі сала басшыларына тікелей келіп, арыз-шағымдар мен ұсыныстарын жеткізді. Әрбір өтініш хаттамаға тіркелді, жұмыс жүргізіледі.


Жалпы өңір басшысының аймақтардағы кездесулерінде тұрғындар ортақ, елдік мәселелерді қозғап келеді. Әсіресе, инфрақұрылым бойынша өтініштер жиі тіркеледі. Тұрғындардың сұранысы ескеріліп, аймақтарда осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Шардара ауданына тоқталсақ, Қызылқұм, Қоссейіт ауылдарын және Шардара қаласының 4 шағын ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 757 млн. теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарлануда. Табиғи газ жүйесіне қосу жұмыстары қарқынды. 2022 жылы Шардара қаласын және Шардара ауылын газдандыру үшін республикалық бюджеттен 2 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары осы жылы толық аяқталып, Шардара қаласы мен Шардара ауылының тұрғындары табиғи газбен қамтылмақ. Былтыр Көксу ауылдық округіндегі жаңа тұрғын үй массивін электрлендіру жұмыстарына 308 млн. теңге бөлініп, пайдалануға берілді.