ТҮРКІСТАН: 7 миллионға жуық үй жануары дәріленеді

0
285

Энзоотиялық аурулардың алдын алу шарасымен қамтылады.


ТҮРКІСТАН: 7 миллионға жуық үй жануары дәріленеді

Түркістан облысында 7 миллионға жуық үй жануары энзоотиялық аурулардың алдын алу шарасымен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы бойынша энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында облыс әкімдігінің қаулысымен үй жануарлары арасында жиі кездесетін энзоотиялық аурулардың тізбесі бекітіліп, жыл сайын тиісті іс-шаралар атқарылуда.


Түркістан облыстық ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен «Энзоотиялық іс-шараларға дайындық барысы және атқарылу жоспары туралы» жиналыс өткізіліп, іс-шараға дайындық барысы пысықталды. Оған аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдері, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, АШМ ВБжҚК Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшылары мен «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК-ы және аудан қала бойынша филиал басшылары қатысты.


Түркістан облыстық ветеринария басқармасының Ғани Құрманбай жауаптыларға тапсырма беріп, бұл жұмыстардың аса маңызды екеніне тоқталды. Жоспарлар бекітіліп, жұмыстар талқыланды.


Бүгінде энзоотиялық аурулардың алдын алу үшін қажетті 32 тонна «Дизицип» (сұйық препарат), 246,7 тонна «Дуэт» (ұнтақ) препараттары сатып алынып, 17 ауданға толығымен жеткізілді.


Көктемгі кезеңде 1 595,7 мың бас ірі малды бүрку және 5 197,0 мың бас ұсақ малды тоғыту, 39,3 млн шаршы метр қоражайлар мен жапсарлас аумақты, 15,1 млн шаршы метр мал иірімдері, суаттар, бұталар, 7,2 млн шаршы метр сыртқы қоражайлар мен аумақтарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл іс-шараларды Түркістан облысының ветеринария басқармасының «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК-ы атқарады.


Залалсыздандыру жұмыстары мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Облыс тұрғындары залалсыздандыру жұмыстары басталғанға дейін ауласындағы қоражайларды механикалық тазалаудан өткізуге міндетті.


Биыл залалсыздандыру жұмыстарын 10 сәуірінен жүргізу жоспарлануда. Ауа-райына қарай іс-шараларды атқару уақыты өзгеруі мүмкін.