"ҚАЛЫҢ МАЛ" - Қай өңірдің қыздары қымбат тұрады

0
11 936

Қалың мал беру дәстүрін әр өңір әрқилы қабылдайды.


Фото: ғаламтордағы ашық дереккөзден

Қазақ дәстүрін ұлықтап, салтын сақтаған ел. Ежелден келе жатқан дәстүрлерінің әрқайсысының өзіндік тарихы мен мағынасы бар. Ұлын ұлық қылып, қызын қылықты етіп өсіруде жөн-жоралғылардың алатын орны бөлек. Солардың бір "ҚАЛЫҢ МАЛ" беру дәстүрі.

Ежелде қыздың қалыңына байлар ірі қаралардан топтастырып, ұсақ малды отарлап берген. Орта дәулетті мен жағдайы келмейтіндер шамасына қараған. Бұл дәстүр Тәуке ханның "Жеті жарғысында" бекітілген екен. Ең шегі 50 ірі қара, 37, 27 деп кете берген. Дегенмен де, барлығы да төрт түліктен үлестірген. Бұл ұзатылар қыздарға берілетін қалың малдың ертедегі есебі. Бүгінде бұл дәстүрге деген көзқарас әрқалай. Бірі қыздың саудасы десе, енді бірі дәстүр мен салтты алға тартады.

Өткеннің ізімен жүріп келген, бүгінгі салттардың барлығын орындамаса да Қазақстанның біраз бөлігінде бұл дәстүр сақталған. Бүгінде, қыздың қалыңы қаржылай берілетін үрдіс қалыптасқан. Қатып қалған нарық бағасы емес, бұрынғыша әркім өз шамасына, қалтасының қалыңдығына қарайды. Сонымен бірге, Қазақстанның әр өңірінде бағасы да әр түрлі екен.

Мәселен, Ұлттық арна тілшілерінің зерттеуі бойынша әр өңәрдегі "қалың мал" бағасы шамамен мынадай:

Алматы облысы мен Алматы қаласында 100000-1000000 теңге арасында.

Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларында 500000-5000000 теңге арасында екен.

Солтүстік, батыс аймақтарда қалың малдың белгілеген бағасы жоқ, немесе қыздарына қалың мал сұрамайды.

Еліміздің шығыс өңірінде "Той мал" деп атайды екен. Бұл аймақта да белгіленген баға жоқ дейді тұрғындар.

Тағы бір айта кетерлік жайт, оңтүстік аймақтарда қыздың біліміне қарай бағасы да қосылатын көрінеді. Дипломы бар болса қымбат, жоқ болса арзан.

"Өкпешіл қыздың қалыңы көп болады" деген мәтел бар қазақта. Қай өңірден қыз алысып, қыз беріссе де елге сіңіп, аттаған босағасына бақ болса болғаны да.

Дегенмен де, "Қалыңсыз қыз болса де, кәдесіз күйеу болмайды". Бір әулеттің еркелеткен қызын жар етіп алып отырған соң құрқол келмесі де белгілі. Ал, жағдайы жақсылар қалың малдың орнына екі жасты шетел асырып дем алуға жіберіп жатады. Көрпесіне қарай көсілгендер баспананың кілтін табыстап жататын жайттар да бар.

Айтпақшы, "қалың мал" төңірегіндегі дау-дамай да жетерлік. Бүгінде үрдіске айналған, құдаласпай жатып "тәтті шай" үстінде осынау кәденің бағасына келіспей дауласып қалып жататындарды да құлақ шалып қалады. осындай шығар, "тең-теңімен, тезек қабымен" делінетіні.

Десек те, "қалың малға" қарамай, азды-көпті болса да екі жастың игілігіне жұмсалып, арбасын сүйреп кетуге ықпалын тігізіп жатса, қанекей?!

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден

Г.Әмірәлі,

ERNUR.KZ